Бөкей ордасы ауданы әкімдігінде салықтық түсімдер мен бюджеттік кірістерді түгендеген келелі жиын өтті.
Аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Раушан Абдоллина аудан қазынасының бүгінгі ахуалынан мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, жер салығынан 246,0 мың теңге түсуі керек болса, соның 150,0 теңгесі, жеке тұлғалардың мүлік салығынан 2 420,0 мың теңге түсуі керек болса, соның 225,0 мың теңгесі, жеке тұлғалардың көлік салығынан түседі деп есептелген 35049,0 мың теңгенің 9 604,0 мың теңгесі түскенін айтты. Коммуналдық меншіктегі мүлікті жалға алушылардан 172,0 мың теңге түсуі керек есептелсе, сол салықтың 91,0 мың теңгесі ғана қазынаға түскен.
Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Талғат Алишев ауданның кірісі туралы толық ақпарат ұсынды.
– 2023 жылдың тоғыз айлық жоспарына сәйкес 796 223,0 мың теңге түсім түсуі керек еді. Қазіргі таңда, нақтырақ айтсақ, 31 шілдедегі есеп бойынша аудан қазынасына 675 758,0 мың теңге түсім түскен. Бұл дегеніміз тоғыз айлық жоспар әзірше, 84%-ға орындалып тұр деген сөз, – дей келіп, жиынға қатысып отырған ауылдық округ әкімдерінен салықтық түсімдердің орындалуын ыждағаттауда тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, ықпалдасуларын сұрады.
– Түсім аз. Демек, салық төлеуден жалтарып отырғандар көп. Осы кезге дейін Үкімет мораторий жариялап, шағын және орта кәсіп субъектілеріне қолдау көрсетіп келді. Биылдан бастап, белгілі бір мөлшерде салық төлеуге міндеттелген. Дегенмен де үлкенді-кішілі сауда нысандарының иелері міндеттелген салықты төлеуге асығар емес. Табыс көздерін көрсетуден қашамыз. Табыс көзін тауып, нәпақаларын айырып отырғандар баршылық. Өз күндерімізді өзіміз көріп жатырмыз дер. Бірақ заң алдындағы міндетті ұмытпауымыз керек. Такси қызметін көрсететін 25-30 шақты азаматымыз бар. Тек соның біреуінің ғана заңды лицензиясы бар. Заң бойынша жолаушы тасымалы қызметін көрсетіп отырған кез келген тұлға тиісті органға барып, тіркеуден өтіп, міндеттелген талаптарға сай болуы керек. 100-150 шақырымнан артық жерге жолаушы тасымалдайтын тұлғалар үшін диспетчер қызметі қарастырылуы қажет. Бүгінгі мәселе бойынша шағын және орта кәсіп субъектілеріне заңнамалық түсінік жұмыстарын жүргізіп, полиция қызметімен бірге іс-шара жоспарын бекітіп, такси мәселесін біржақты қылуымыз керек, – деп аудан басшысы Нұрлыбек Даумов тиісті сала басшылары мен округ әкімдеріне нақты тапсырма берді.
zhaikpress.kz