Тасқала ауданының 90 жылдық мерейтойына орай ерлер мен әйелдер арасында
«TASQALA TRAIL RUN-2023» тау марафоны өтті.
Аталмыш шараға Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен көршілес Самара қаласынан барлығы 104 адам қатысып, бақтарын сынады. Марафон таңғы сағат 8-де аудан әкімдігі ғимаратының алдынан басталып, Ешкітауда мәреге жетті. Жарысқа қатысушылар екі топқа бөлініп, үш және он бес шақырымды жүгіріп өтті. Жүгіру барысында спортшыларға жағдай жасау үшін үш шақырым сайын арнайы пунктер қойылды. Күннің ыстығына қарамастан ерлер арасында Ешкітаудың ең биік шыңына көтерілген оралдық Асхат Ахатов үш шақырымнан бірінші келсе, 15 шақырымнан бәйтеректік Жарас Айтуаров жетті. Ал әйелдер арасынан 15 шақырым қашықтықта оралдық Жазира Суйесинова мен үш шақырым қашықтықта оралдық Лиза Мошкина бірінші болып келді.
Марафоншыларды аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов құттықтап, І орынға 50 мың, ІІ орынға 30 мың, ал үшінші орын алған жүлдегерге 20 мың теңгенің сертификатарын табыс етті.
Айта кету керек, аталмыш шараға ауданымызға белгілі кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Азамат Құлшыманов демеушілік көрсетті.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz