8.08.2023, 12:00
Оқылды: 68

Ассамблея апталығы өтті

Орал қаласындағы Достық үйінде БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен этностар апталығы аясында «Хаймат» неміс мәдени-ағарту қоғамының іс-шарасы өтті.

IMG_0450

Қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғам­дық келісім» КММ қызметкерлері және жергі­лікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен шарада неміс ұлтының мәдениеті, салт-дәстүрі таныстырылды.

— Бұл күнде облысымызда 600-ге тарта неміс ұлтының өкілі болса, соның 130-ға жуығы осы неміс мәдени-ағарту қоғамына мүше. «Хаймат» облысымыздағы әртүрлі қайырымдылық акцияларына белсенді қатысып келеді, – деді аталмыш мәдени-ағарту қоғамының төрағасы Геннадий Франк.

Шара барысында «Хаймат» неміс мәдени-ағарту қоғамының тарихы сараланып, жылдар бойы атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасалды. Неміс ұлтының салт-дәстүрі, мәдениеті кеңінен таныстырылды. Ұлттық ойындар ойналды. Ертегі, аңыздары сөз болды. Роман Шевер есімді неміс мәдени-ағарту қо­ғамының мүшесі Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындап, көпшілікті өнерімен тәнті етті. Іс-шара соңында неміс халқының ұлттық тағамдарынан дәм ұсынылып, дастарқан жайылды.

 

Әнуар Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале