8.08.2023, 15:00
Оқылды: 57

Әлихан Смайылов интернаттар мен медициналық-әлеуметтік мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді талап етті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Қарағанды ​​облысында орын алған балалардың жаппай улану жағдайы қаралды. 

psx-20230808-103104

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды ​​облысындағы Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына түскен 14 баланың бүгінде 6-уы ауруханада, олардың барлығы жансақтау бөлімінде жатқанын айтты. Олардың 4-уінің жағдайы ауыр халде. Қалған 2 баланың жағдайы неврологиялық тапшылық, интоксикация синдромы және тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты өте ауыр. Бұған дейін 7 бала қанағаттанарлық жағдайда шығарылған, бүгінде олар дәрігерлердің бақылауында.

Осы оқиға туралы ақпарат түскен сәттен бастап Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл түрде республикалық жетекші балалар мамандарын (реаниматолог, инфекционист, пульмонолог, токсиколог) жұмылдырды. Интенсивті терапия көрсетілді, республикалық және облыстық деңгейдегі білікті мамандардың кеңейтілген кеңестері ұйымдастырылды.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті эпидемияға қарсы іс-шаралар мен тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдын ала эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша зертханалық және аспаптық зерттеу әдістерінің деректері, аурудың даму сипаты негізінде тағамнан топтық улану және жұқпалы аурулар алынып тасталады. Жаппай уланудың ықтимал себебі –  улы затпен улану. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізілуде.

Премьер-Министр балаларды барлық қажетті дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етіп, ауруханадан шыққаннан кейін де олардың жағдайын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

«Ішкі істер министрлігі болған оқиғаның нақты себептері мен кінәлілерді анықтау бойынша тергеу амалдарын мұқият жүргізуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктерінен интернаттық, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді талап етті.

primeminister.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале