Шыңғырлау ауданында Медиация күніне орай «Медиация-тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ететін өміршең механизм» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Мерекелік басқосуды кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімі аппаратының басшысы Темірболат Сағынгереев қазіргі уақытта медиацияға айтарлықтай көңіл бөлініп жатқандығын атап өтті.
Кезегімен сөз алған аудандық соттың төрағасы Нұрлан Ердібеков те:
«Дауды ұлғайтпау, ағайын арасындағы кішігірім кикілжіңді дер кезінде баса білу, құқық қорғау мекемелеріне ашумен арызданатындарға дұрыс жол көрсету - бұл ақылмен шешілетін шаруа. Сол себепті де медиаторлардың жұмысына қолдау көрсетіп, медиацияның қоғамдағы орнын көтере білуіміз керек», - деді.
Ауданда бұл жұмыс қолға алынған күннен бастап белсенді жұмыс атқарып келе жатқан Сағынғали Имашев та үн қосты.
- 2016 жылдан жұмысы бірден жанданған медиация ағайын мен бауырды татуластыруға, ымыраға келтіруде басты құрал. Ауданда 16 медиатор қызмет етеді. Осы саладағы жұмысқа ерекше басымдық берген жөн, - деген пікірімен бөлісті Сағынғали Имашев.
Жиын соңында Темірболат Мұхитұлы осы жылдар белесінде белсенді қызмет атқарған Сағынғали Имашевқа Қазақстане халқы Ассамблеясы атынан келген алғыс хатты табыс етті.
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz