9.08.2023, 12:30
Оқылды: 82

Ақобада жол салынып жатыр

Бүгін Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов пен орынбасары Жақсылық Абдолов Ақоба ауылына жұмыс сапарымен барды.

janibek jol (1)
Мектеп бой көтеріп жатқан елдің қуанышы жол салынып еселенді. Ауыл әкімі Нұрлыбек Жакин мен ауылға жаны ашитын қауым қарсы алды. Олар ауылға кіреберіс жолдың жұмысымен танысып, тұрғындармен жүздесті. Күрделі жөндеуді қолға алған мердігер «Қызылорда жолдары» асфальт төсеуді бастап кетті. Алдымыздағы жылы аяқталуы тиіс тақтайдай тегіс жол 23 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда ауылдан бастап республикалық жолға дейінгі аралықта жол негіздемесін дайындауды жеті шақырымға дейін жүргізілді. Ауыл жұртының қуанышында шек жоқ. Дегенмен ашық пікірін айтқан бір топ тұрғын жұмыста шикілік бар екенін де айтты. Оған аудан әкімі Тимур Серікұлы:
- Тұрғындардың қатынасына кедергі болатын ең өзекті мәселе – жол. Сіздерді өте жақсы түсінемін. Бірақ сенім білдіргендеріңіз де жөн. Кемшіліктерді байқасаңыздар бірлесіп шешейік. Бүгін арнайы өзім көруге келдім. Мердігер жұмысын тиянақты жасайтынына сенімдімін. Себебі аяқталған соң сапасы сын көтермесе, бес жыл кепілдік бар. Ол уақытта өз қаражатынан кері сол олқылықтардың орнын толтыруға міндетті, - деп тапсырыс беруші аудан әкімдігі екенін қаперге беріп, бақылауда ұстайтынын жеткізді.

janibek jol (3)

Ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұрат Мұқанбетқалиев ауылдың ертеңі мен бүгініне тоқталып, ерекше қарқынмен дамып жатқанын айтып, лебізін білдірді.
- Күні кеше ғана болашағы жоқ деп, ауылымыз күйреудің сәл-ақ алдында тұрған. Келешектің барына сенбейтін көп жан ауылдан қоныс аударды. Ал бүгін адам танымастай өзгерді. Мемлекет тарапынан айрықша қолдау болып, жаяу жүргіншілер жолы да, су жаңа мектеп те қарапайым халық үшін салынды.Енді осы ауылдың адамдары бірлігін сақтап, одан сайын өркендеуді көздеуі керек. Әрине, ауыл болған соң ұсақ-түйек мәселелер де болады, - деді Мұрат Мұқанбетқалиев.

janibek jol (2)
Жалпы Ақобаның гүлденуі үшін кедергі келтіретін жайттар да талқыланып, Жақсылық Каримоллаұлы егжей-тегжейлі жауап берді. Әрмен қарай жүздесу ел болып асыға күтіп жүрген 108 орындық мектеп құрылысына ұласты. Кірпіші қаланып, ішкі жұмысына кіріскен жұмысшылармен пікір алмасты. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өткен жұмыс сапарында ең бірінші ат басын тіреген мектеп құрылысына оң баға берген болатын. Ендігі кезекте мердігер «Жаиксельстрой» осы сенім үдесінен шығады деген ойдамыз.

janibek jol (4)

Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале