Орал қаласындағы Ғұмар Қараш көшесі - №22 мекенжайда «Шабыт» шығармашылық бастамалар орталығы» қоғамдық ұйымының кеңсесі орналасқан. Мұнда әлеуметтік жобалар дайындалады. Аталмыш ұйымды Асланбек Ақшалов, Сабина Қалиева және Тілек Бақтыгереев есімді қыз-жігіттер (төмендегі суретте) құрған. Әлеуметтік бағытта тың жобалар дайындап, бірқатарын сәтті жүзеге асырған сол жастармен Халықаралық жастар күні қарсаңында кездесіп, аз-кем тілдескен едік.
«Шабыт» шығармашылық бастамалар орталығы» қоғамдық ұйымы 2014 жылы құрылған. Осы кезге дейін көптеген ірі жобаны жүзеге асырған. Соның бірі – онкологиялық ауру-сырқауға шалдыққандардың көбеюіне байланысты облыс орталығындағы медициналық мекемелерде қызмет ететін дәрігерлердің шалғай аудан-ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетуіне арналған жоба. Яғни дәрігерлер тұрғындардан тиісті сараптама алып, ем-дом бойынша кеңес беріп, мамандарға жолдау бағытында іс-шаралар атқарады. «Шабыттықтар» дайындаған бұл жоба облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қолдау тауып, сол жылы өңірдегі «Үздік әлеуметтік жоба» атанған.
Қоғамдық ұйымның қолға алған жобаларының бірі – облыс аумағындағы коворкинг орталықтары еді. Өңіріміздегі ең алғаш коворкинг орталығының ашылуына ұйытқы болған да жоғарыда есімдері аталған қыз-жігіттер. Еліміздегі өзге қалаларда мұндай орталықтар ақылы түрде қызмет көрсетеді. Орталық ашу туралы ұсынысты алғашында БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдап, Оқушылар сарайынан бір бөлме берген. Кейін сол кездегі облыс әкімі Алтай Көлгіновтің пәрменімен шаһардағы Оқушылар сарайының бір қабаты еншілеріне тиген. Бүгінгі таңда коворкинг орталықтары нәтижелі жұмыс атқарып, жастар бас қосатын алаңға айналды. Бүгінде мұндай орталықтар Орал қаласында ғана емес, аудан орталықтары мен ауылдарда бар. Сондай-ақ қоғамдық ұйым 2016 жылы «БелесАгро» компаниясының басшысы Мұрат Жәкібаевтың демеушілігімен алғаш рет қысқа метражды фильмдер мен әлеуметтік роликтер байқауын ұйымдастырған. Ол байқауға Мұрат Жәкібаевтың қолдауымен ресейлік режиссер, «ТЕФФИ» сыйлығының иегері Лев Вахитов, отандық киномотографияда өзіндік орны бар актриса, жерлесіміз Гүлнәр Сыйлыбаева секілді танымал жұлдыздар қатысқан.
Қоғамдық ұйымның құрылтайшыларымен тілдесу барысында толғандырған мәселелерін де білдік. Олардың айтуынша, көбі әлеуметтік жоба мен коммерциялық жобаның аражігін ажыратпайды. Содан бірқатар мәселе туындайды. Мысалы, әлеуметтік жобаға қаражат облыстық бюджет есебінен қарастырылады. Ал коммерциялық жобаның ұйымдастырушылары бюджет қаражатына мұқтаж емес. Демеушілердің көмегімен ұйымдастырады. Осы себепті жобалаушы ұйымдарды бір-бірімен шатыстырып, концерт өтетін залдарды жалға беруде бағаны негізсіз қымбаттатып жібереді екен.
Екінші мәселе – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға арналған конкурстарға өзге өңірлерден қатысуы. Мемтапсырыстарды өзге өңірден ұтып алады да, кейін жоба жүзеге аспай қалады. Келесі жылғы жоспарлау кезінде іске аспай қалған жобалар пайдасыз есебінде танылып, тоқтатылып тасталады екен. Осындай себептен бірнеше ірі жоба жүзеге аспай қалған. Мысалы, биыл қыркүйек айында қаламызда белсенді жастардың слеті өтуі тиіс болатын. Ол жобаны өзге өңірден қатысқан қоғамдық ұйым ұтып алып, жұмысты дұрыс жүргізе алмай, тоқтатып тастаған. Енді келесі жылғы жоспарға осы тектес жобалар енбей, қаржыландырусыз қалды.
Үшінші мәселе – жүзеге асыратын жобаларға бұрын төленіп келген 30 пайыздық аванс ендігі төленбейді. Бұл жағдай еліміз бойынша тек Батыс Қазақстан облысында. Жұмыстарды уақытында бастап кетуге бұлар да үлкен кедергі болады.
Шаһарда осындай бағытта белсенді жұмыс жасап жатқан бес-алты қоғамдық ұйым бар. Көбінің материалдық әлеуеті жасақталмаған. Сол себепті барлық белсенді ұйымның басын қосатын бір үлкен ғимарат болса деген тілектері де жоқ емес. «Іргелі істерді бірлесіп, жарық әрі кең алаңда отырып жүзеге асырсақ. Осы жағынан бір қолдау болса» дейді кейіпкерлеріміз.
Аталған қоғамдық ұйымның қыз-жігіттері жұмыстарын өзара бөлісіп алған. Жобаның дизайнын Асланбек Ақшалов жасаса, видеотүсірілім жұмыстарын Тілек Бақтыгереев өз міндетіне алған. Ал Сабина Қалиева ұйымның келісімшарттарына, іс-қағаздарына жауапты. Бірлескен ұжымдық жұмыстан бөлек, жеке жобалармен айналысады. Одан түскен қаражаттың бір бөлігін ортақ меншік есебінде қорға жинап, алдағы күні маңызды жобаларды іске асыруға жұмсайды екен.
«Шабыттықтар» қайырымдылық саласында да белсенділік танытып келеді. Қоғамдық ұйымдар бірлесіп, ауданда тұратын жалғызбасты анаға үй алып беруге мұрындық болыпты. Одан бөлек қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып келеді.
Алдағы жоспарларымен бөліскен қоғамдық ұйымның құрылтайшылары «07 live» интернет порталын жандандыру жұмысын бастап кеткен.
Онда түрлі мәдени, әлеуметтіксаяси тақырыптар төңірегінде бейне-контенттер әзірленіп, көптеген әлеуметтік жоба жарияланбақ. Халықаралық жастар күніне арналған мерекелік іс-шаралардың да дайындық жұмыстарына қызу кірісіп кетіпті. Кейіпкерлеріміздің басты мақсаттары — әлеуметтік жобалардың санын арттыру, сонымен қатар өздерімен пікірлес, ойы ортақ жастардың басын қосатын комьюнити орталық ашу.
Өңіріміздің мәдени-әлеуметтік саласында аянбай еңбек етіп, қажыр-қайратын сарп етіп жүрген «шабыттықтар» замандас құрбы-құрдастарына үлгі-өнеге.
Әнуар Аманжол,
«Орал өңірі»