10.08.2023, 15:45
Оқылды: 18

Абай өлеңдері оқылды

Бүгін елімізде Абай күні атап өтіліп жатыр. Осыған орай Ақжайық ауданындағы Сағынғали Сейітов атындағы аудандық орталық кітапханасында ақынның даналығы мен даралығын ұлықтаған «Ұлылардың ұлысы Абай» тақырыбында әдеби сазды кеш өтті.

2ad32cb7-5890-4de4-ba88-dcb53e2cec6a

Бұл шараға Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, ақын Сағынтай Бисенғалиев, мекеме-бөлім басшылары, қазақ тілі әдебиет пәндерінің мұғалімдері, мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінен оқырмандар, кітапханашылар қатысып, хакім Абайдың мол мұрасына қанықты.

Тағылымды кештің шымылдығын кітапханашы Гүлбану Құлмұқанова ашып, ақынның әдеби әлеміне шолу жасады. Даналығын тек өз ұлты ғана емес, әлем ғұламалары мойындаған ақын, философ, сазгер Абайдың есімін иеленген мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстаз Ләззат Бисенованың да ақын шығармашылығын саралаған баяндамасы да қатысушыларға ой салғаны анық.

d90611ad-f2c5-47e3-9c6b-8699cb6aa8b4

Кемел ойшылдың тәлімі қазақ еліне мәңгілік рухани азық десек, артық айтқанымыз емес. Осыдан 178 жыл бұрын дүниеге келген ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқыған кітапхананың тұрақты оқырмандары, оқушы жас өрімдер Айзада Жәрдемова, Айнагүл Борисова, Ақбота Данияр, Жансая Қадырғали, Жаслан Шахановтар Абайдың сөзі мәңгі өлмейтінін дәлелдеді. Жас ұрпақтың ұлы Абайдың шығармашылығына ықыласын көріп, ризашылығын білдірген Сағынтай Бисенғалиев қазақтың бойтұмарына айналған дара ақынның атаулы күніне арнаған өлеңін оқып берді.

Ұлы ақын мұрасының сан қырлылығын, өміршеңдігін оқырманға ұлықтауды мақсат еткен бұл кеште Жақсығали Әділғалимен бірге барша қатысушылар лирикалық «Көзімнің қарасы» әнін қосыла шырқады. Ал кітапханашы Тұрсынай Мусина Абайдың Пушкиннен аударған «Татьянаның Онегинге жазған хатын» мәнерлеп оқығанда, махаббаттың тылсымын дәл сипаттап берген ақынның тағы бір қырына оқырмандар куә болды.

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале