Казталовта ауыл шаруашылығы саласында оң серпіліс бар. Шаруалар қысқа қамданып, шөпке орақ түсіп, шөп сатылымға шығарылды. Ауданда қырлық шөпті ғана шауып қоймай, екпе шөп егіп, өнімін алып отырған шаруалар бар. Соның бірі - «Қайрат» шаруа қожалығының жетекшісі Әділхан Зайнушев.
Әділхан Әділжанұлы 2019 жылдан бастап екпе шөп егумен айналысып келе жатыр. Бұған дейін де бірнеше рет екпе шөп еккенімен, өнім болмай, еңбегі еш кеткен. 2019 жылы суармалы құрылғы сатып алып, шаруасын дөңгелеткен.
- 2019 жылы JP75-400 маркалы қондырғы сатып алдық. Бұған қоса жұмыстың өнімділігін арттыру мақсатында екі сорғы және өзге де жабдықтар алып, жұмысымызды бастадық. 2023 жылы конкурс арқылы 100 гектар жер алып, 30 гектарына судан шөбін егуді жоспарлағанымыз бен 10 гектарына судан шөбін егіп, 2 гектарына картоп ектік. Күзде 20 гектар жерге судан шөбін егуді жоспарлап отырмыз, - деді қожалық жетекшісі.
«Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясынан» 500 мың теңге қаражатқа судан тұқымын сатып алған қожалық жетекшісі бүгінде өнімін алып отыр.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz