Қаратөбе ауданында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып, «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында Ақтайсай ауылдық округі Мәдениет үйінің жанынан құрылған халықтық «Елім-ай» әжелер ансамблінің концерттік бағдарламасы өтті.
«Көңілі кең, жүрегі мейірімді асыл әже» атауымен өткен әжелер ансамблінің сазды бағдарламасы Қаратөбе ауылының тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сахна шымылдығын «Қаратөбем», «Қоскөл кеші» әндерімен ашқан әжелер ансамбліне көрермендер ықыласпен қол соқты.
Концерт барысында Фархат Хамитов «Әжемнің ертегісі», Мариямгүл Мәлікқызы «Перзент парызы» әндерін шырқаса, Гауһар Жеңісқызы «Қос бәйтерегім» әні мен «Әже» өлеңін оқып берді.
Әжелер ансамблі орындаған халық әндері «Замандас», «Сары бидай», «Ләйлім», «Дедімай-ау», «Гүлдерайым» көрермендерге халық өнерінің тарихы бай екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Сазды бағдарламада тәжік биі биленіп, күмбірлеген күйге де кезек берілді.
Бабалар аманатқа қалдырған ұлттық мәдениетіміздің мол қорынан сусындатқан «Елім-ай» әжелер ансамбліне қаратөбелік көрермендер риза көңілмен тарқасты.
Серікбай ХАСАНОВ
Қаратөбе ауданы
www.zhaikpress.kz