Иә, иә, дәл солай! Бөкейлік ару Зухра Аманғали АҚШ-тың Бостон қаласындағы Бостон университетінде оқымақшы. Зухрамыз – «Болашақ» халықаралық бағдарламасының игілігін көрген алғашқы бөкейлік. Ұялылық Зухраның «Болашақ» бағдарламасы арқылы грант ұтып, АҚШ-тың Бостон қаласындағы Бостон университетіне оқуға түсуі ауданның жас буынына үлкен мотивация болары анық. Алдағы екі жылда жерлесіміз «Қамтамасыз ету жүйесін басқару» (Supply chain management) бағыты бойынша білімін жалғап, тәжірибе жинайды. Ауылдық жерден шыққан жастар үшін әлемнің ең озық оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтау зор.
Зухра Аманғали – Шәкір Жексенбаев атындағы мектептің 2010 жылғы түлегі. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін ағылшын тілі мамандығы бойынша қызыл дипломға тәмамдаған. 2014 жылы магистратураға оқуға түсіп, Стамбулдағы Мимар Синан атындағы университеттің ғылыми тағылымдамасынан өтеді. Алматыдағы физика-математиканы тереңдетіп оқытатын №24 лицейде бірнеше жыл оқушыларға сабақ берді. Теңіз қалашығындағы «Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг & Прокьюрмент» С.А.Л.Офшор компаниясы филиалына аға әкімгер боп қызметке орналасады. Жастайынан білім қуып, жан-жақтылығымен, іздемпаздығымен дараланған Зухрадан ата-анасы үлкен үміт күтеді.
–Зухра отбасымыздағы төрт перзенттің екіншісі. Тұңғышымыз Мархабатқа тете. Әр қазақ отбасында қыздан кейін ұл күтетіні белгілі ғой. Бірақ мен қыз болса да налымадым. Ұйықтар алдында бесік жырын әндете отырып «Зухрам бойжеткен соң даңқы елді еседі, ұлға татитын қыз болады» деп айта беруші едім. Атасы марқұм «менің қызым Индира Ганди сияқты батыр, ел басқарады» деп те көп айтушы еді. Бізге білдірместен «Болашаққа» құжат тапсыруға бекініпті. Алматы, біресе Астана қалаларына жиі сапарлатып жүргенін біз қыдырып жүр ғой деп қате түсініппіз. Сөйтсек, емтихан тапсырып жүр екен. Бұл да ұзаққа созылатын процесс екен. 2022 жылдың желтоқсан айында оқуға қабылданған студенттер тізімінен қызымыздың аты-жөнін оқығанда қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпеген. Былтырдан бері қаншама құжат жинап, тапсырды. Әулеттің үрім-бұтағына дейін түгел тексеріп болған соң Астана қаласына келісімшартқа отыруға барды. Әуелі ата-анасының келісімі керек екен. «Әкесі екеуміздің қолымыз АҚШ-қа кетіп барады» деп мен де мәз болғаным-ай. Соңынан қимай жылайтынымды қайдан білейін, – деп ағынан жарылды анасы Алмагүл Бегишанова.
Анасы қызына алғаш әріп танытқан апайы Гүлстан Саматованың, ағылшын тіліне жақын болуына себепші болған еңбек ардагері, үздік ұстаз Гүлжиян Оразғұлованың, ағылшын тілі пәнін үйренудегі ерекше қабілетін байқаған сынып жетешісі Гүлжанат Ілиясовалардың еңбегі зор дейді.
– Мектепті жақсы аяқтаған Зухрамыз ҰБТ-дан 125 баллдың 103-ін жинап, өте жоғары балл сұрайтын оқуларды белгілеп қойыпты. Әттегенайы, оқуға түсе алмай қалды. Біз не істерімізді білмей жүргенде тұңғышымыз Мархабат өзі білім алып жүрген Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне ақылы оқуға тапсырайық деп ұсыныс тастады. Оқуының ақшасын төлесеңіздер болды. Қалған шығынын өзім көтеремін деп сеніммен айтқан соң келісе кеттік. Өзі ол кезде президенттік стипендия иегері еді. Солай Алматыға аттанған қызымыз ІІ курстың І семестрінде грантқа ауысып, екеуі де қызыл дипломмен тамамдады. Алматы қаласында тұратын Данияр нағашысы «ауылға барсаң, қалаға мамаң жібермей қалады. Одан да магистратураға тапсыр» деп кеңесін айтқан соң, құжат тапсырып, оған да грантқа ілігеді. Осы жылдар ішінде оқуында да, қызмет барысында да түрлі марапаттарға, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Зухрамызды білім нәрімен сусындатқан Ш.Жексенбаев атындағы мектептің ұстаздарына алғысымыз шексіз. Мұхит асып, шетелден білім алып Қазақстанның болашағын жарқыратар шәкірттеріңіз көп болсын, – деп ізгі тілегін де жолдады анасы.
Арайлым Маратқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz