Кездесуде Мемлекет басшысы бүгін Президент Во Ванг Тхыонгпен нәтижелі келіссөз жүргізгенін және оның барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланғанын атап өтті.
– Бүгін таңертең Президент Во Ван Тхыонгпен өте нәтижелі келіссөз жүргіздім. Біз көптеген саладағы қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызды нығайтуға ықпал ететін өте маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сондай-ақ Вьетнам кәсіпкерлерімен кездесу өткіздім. Олардың Қазақстан нарығындағы қызметін қолдауға дайынмын. Біз елімізде вьетнамдық бизнестің ұзақ уақыт жұмыс істеуіне шын мәнінде мүдделі болғандықтан көмек көрсетеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Вьетнам Премьер-министрі Фам Минь Чинь Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Қазақстан мен Вьетнамның екіжақты ынтымақтастығына тың серпін беретінін атап өтті.
– Екі тарап қол қойған құжаттар мен келісімдер келешекте ынтымақтастығымызға берік негіз болады. Сізбен Қазақстан мен Вьетнамның саясат, дипломатия, инвестиция және сауда салаларындағы қарым-қатынасын одан әрі дамытып, тереңдету жолдарын талқылауға мүдделіміз, – деді Фам Минь Чинь.