22.08.2023, 10:45
Оқылды: 48

«Тірек ауылдарды нығайтуға басымдық береміз»

Батыс Қазақстан облысына келген ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жұмыс сапары аясында Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылына барды. Ол ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында іске асырылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жұртшылықпен жүздесті. Министрмен бірге ауданға облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов келді.

министр нацэкономики Алибек Куантыров - Акжайык р-н (12)

Алдымен, жұмыс тобы аудан орталығындағы көше жолдарын жөндеу жұмыстарымен танысты. Биыл мұнда Қазақстан, Мәңгілік ел, Сейфуллин, Сырым батыр, Құрманғазы көшелерінің жолдары күрделі жөнделуде. Былтыр аталмыш жоба бойынша Орақбаев пен Ықсанов көшелеріндегі жолды мердігер компания «АСФА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі уақытында аяқтап тапсырған еді. Қазір де құрылыс басында жұмыс қарқынды. Мердігердің мәлімдеуінше, жұмыс күші, техникаларын жұмылдырып, қазан айының ортасына дейін аяқтауды көздеп отыр. Құрылыс материалдары да жеткілікті. Сонымен қатар аудан орталығында Қонаев, Меңдалиев, Исаев, Бауырластар және Татулық көшелеріндегі 4,082 шақырым жол орташа жөнделуде. Мұндағы мердігер – «Тоби» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған жұмысқа республикалық бюджеттен 247 млн 213 мың теңге бөлінген. Шілденің алғашқы күндерінен жөндеуге кіріскен құрылысшылар межеленген уақытта жұмысты аяқтауға уәде беріп отыр.

– Чапаев ауылы жолдардың асфальтталуы тұрғысынан алғанда өзге аудан орталықтарынан кенжелеу тұр. Бізде ауылішілік жолдардың не бары 36 пайызы ғана жөнделген. Биыл көзделген жұмысты аяқтасақ, 10 көшедегі 9 шақырымнан астам жолдың жағдайы жақсармақ. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 18 шақырымға созылатын ауылішілік жолды жөндеуге құжаттарды дайындап қойдық, – деді аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.

Құрылыс басында жоба мердігерлерімен тілдескен Әлібек Сәкенұлы сапаға мән беру керектігін қаперге салды.

– Біздің мақсатымыз – тірек ауылдарда халыққа қаладан кем емес жағдай жасап беру. Сондықтан жол, су, көгілдір отын, әлеуметтік нысандардың құрылысын қаржыландыру басты назарда. Қомақты қаржы қарастырылған жобаны ұтып алу бір бөлек, жасалған істің игілігін көріп, халықтың көңілінен шығатындай етіп адал атқару, яғни жауапкершіліктің жүгін сезініп, келеңсіздіктерге жол бермеу керек. Облыста құрылыс материалдары тапшы, оны таситын вагон да жетіспейді, өзге де мәселелер бар. Бірақ соның бәрі ретімен шешіліп жатыр. Сондықтан әр жобаның уақтылы, сапалы аяқталуын мақсат етулеріңіз қажет, – деді Ұлттық экономика министрі.

Осыдан соң министр «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в» компаниясының есебінен 2,3 млн долларға салынып жатырған дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. 320 орынға арналған кешеннің құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған. Жоба мердігерлерінің айтуынша, қазір жұмыс ауқымы толықтай дерлік орындалған, қыркүйек айының соңында пайдалануға берілмек. Кешеннің бірінші қабатында үлкен спорт, тренажер залдары, екінші қабатында күрес залы, ерлер мен әйелдерге арналған жаттықтыру бөлмелері, трибуна т.б. орналасқан. Мұнда да Ә. Қуантыров жауапты тұлғаларға нысанның уақтылы және сапалы тапсырылуын қадағалау қажеттігін ескертті.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша алғаш жөнделген нысанның бірі – аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты. 2019 жылы 68,7 млн теңгеге жөндеу жүргізілген мектепте оқушылар 16 спорт түрінен үйірмелерге қатысады. Мектеп түлектері де республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Бұл жөнінде ғимараттың алдынан меймандарды қарсы алып, үйірме жұмыстарымен таныстырған спорт мектебінің директоры Марат Ығылманов айтып берді.

Облыс көлемінде атқарылып жатқан оң істер, жүзеге асып жатқан жобалар  жұртшылықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ақжайық ауданында да осындай қарекеттің көз қуантарлық жемісін көптеп келтіруге болады. Бұл ретте кейінгілерге қажетті кеңесін беретін, ауыл-елді ұйыстыратын үлкендеріміздің орны бөлек екенін министр спорт мектебінде ауыл белсенділерімен әңгімелескенде айтты. Еңбек ардагерлері – Дәулетжан Жақсыбаев, Қаби Қадесов, Құрман Бисеғалиев, тағы басқалар ауылдың игілігіне атқарылған қам-қарекет үшін зор ризашылықтарын жеткізіп, ортақ шаруаға байланысты өздерінің толғам, пайымдарын  ортаға  салды.

– Ауылды өркендету үшін мемлекет қазір көп шаруа атқарып жатыр. Бірақ ауылдан үдере көшкен халыққа қарап, миллиардтаған қаражат желге ұшып кете ме деп алаңдаймын Ауылда кісі азайып барады. Бұрын облыс тұрғындарының 52 пайызы ауылда тұратын, қазір 47 пайызға азайды. Бірден-бір себебі – жұмыс тапшы, өндіріс орындары да орталықтарда шоғырланған. Осыны қаперге алатын уақыт келді. Тағы бір мәселе – Чапаев ауылына мәдениет үйін салып беруді сұрағанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Көнеккеткен ауылында да мәдениет үйі жоқ, – деген еңбек ардагері Д. Жақсыбаев ауылдың ертеңіне алаңдайтынын жасырмады.

Ә. Қуантыров кездесуге келгендердің ұсыныс-пікірлері аяқсыз қалмайтынын айтып, министрліктің ауылды дамытуға қатысты көздеген мақсат-міндеттерін тілге тиек етті.

– Ауыл-елді мекендердегі жұртшылықтың хал-ахуалын жақсарту үшін қазір елімізде бірнеше бағдарлама жүзеге асуда, соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасына басымдық берудеміз. Осы жобаның аясында қаншама ауылда жаңа жол төселіп, әлеуметтік нысандар бой көтерді?! Чапаевқа қарасақ, мұнда бағдарлама өз нәтижесін бергенін анық көруге болады. Жалпы ел бойынша 6,3 мың ауыл бар, оның 3500-і – тірек ауылдар. Біздер қазір осы тірек ауылдардың инфрақұрылымын арттыруға көңіл бөліп отырмыз. Себебі мұнда ауыл тұрғындарының 90 пайызы тұрады,  – деп қорытындылады министр. Осыдан соң ол аудан әкімдігінде тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале