Жәнібек ауданы әкімі Наурызбай Қайырбайұлының төрағалық етуімен Тау ауылдық округіндегі Ғ.Абдоллин атындағы білім ордасында мекеме, ұйым басшылары мен қызметкерлері және ауыл тұрғындарының қатысуымен жиналыс өтті.
Алғаш сөз алған Наурызбай Қадырбайұлы өз кезегінде Жәнібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2016 жылғы 28 шілдедегі Тау ауылдық округінің сайланған әкімін тіркеу туралы шешімі негізінде Кенжебек Чапайұлы Еркеғұлов менің 2016 жылғы 1 тамыздағы № 77-ө өкіміммен Тау ауылдық округінің әкімі мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындалғанын мәлімдеді. Өткен сайлауда үш кандидат ұсынылған болатын. Сайлау нәтижесімен Кенжебек Еркеғұлов Тау ауылының әкімі болып сайланды. Наурызбай Қадырбайұлы Кенжебек Чапайұлына жаңа қызметте сәттілік тілеп, жаңа әкімнің табысты жұмысына сенім білдірді.
Өз кезегімен сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, ауыл ақсақалы Төлебай Азбергенов Кенжебек Чапайұлын жаңа қызметімен құттықтай отырып, ауыл халқы бірлесе жұмыстанатындығын айтты. Одан кейін еңбек ардагерлері Еменғали Бексейітов, Ғарифолла Атошевтер сөз алып, жаңа әкімді құттықтап, ауылдың жарқын болашағы жолында қашанда бар ақыл-кеңестерін беріп, қолдауға әзір екендіктерін жеткізді.
Одан соң сөз алған Кенжебек Чапайұлы аудан әкімінің сенімін ақтау жолында бар жауапкершілікпен қызметін адал атқаруға күш-жігері мен тәжірибесін аямайтынын жеткізді.
Ахмедияр БАТЫРХАНОВ
Жәнібек ауданы
www.zhaikpress.kz