29.08.2023, 9:15
Оқылды: 170

Қандай көлік жолда қалдырмайды?

Осы күнгі өмір салты көп адамды көлік алуға мәжбүрлейді. Жағдайы жеткен азаматтар автосалоннан жаңасын алады. Қаражаты жетпегендер түрлі сайттарды шолып шығып, көңілінен шыққан көлігін саудалайды.

 жп

Көрнекі фото

Шыны керек, қазіргі кезде автокөлік өте қымбат. Қаражат қор жинаған күннің өзінде жаңа көлік алу үшін несие рәсімдеуге тура келеді. Онсыз тапқаның қапқаныңа жетпейтін мына заманда көпшілік банкке қарыздар болмай, қайталама нарықтағы темір тұлпар алғанды жөн көреді. Осыны ескере отырып, газеттің «Автомотовело» айдарына 2 миллион теңгеге дейінгі қаражатқа қандай көлік алған жөн деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Осы ретте тек сайттарды аралап қана қоймай, көлік сатумен айналысатын азаматтарды да тілге тарттық. Олардың барлығы өз пікірін білдіргенімен, атын атамауларын сұрады.

Ендеше 2 миллион теңге қаражатыңыз болса, мынадай көліктерге назар аударған жөн. Тағы бір айта кететін жайт, пікірін білдірген көлік сатушы азаматтар қайталама нарықтан алынған көліктің қай-қайсысының да гәбі болатынын ескертті. Сондықтан бұрын басқа азамат тізгіндеген темір тұлпарға күндердің күнінде қосымша ақша салатыныңызды ұмытпаған жөн.

Ендеше кеттік. Ең алдымен, 2 миллион теңгесі бар азамат көрші елдің «Ладасына» көңіл аударғаны абзал. Әрине, ақшам жетіп тұр деп 500 мыңның «Ладасына» қол салудың тіптен қажеті жоқ. Ол сомаға алынған ресейлік көлік сіздің қалтаңызды қаққаны былай тұрсын, психологияңызға да кері әсерін тигізеді. Өйткені оны жөндеймін деп біраз жүйке талшығынан айырыласыз. Сондықтан «ВАЗ» немесе «Лада» көлігін саудаласаңыз, көліктің жағдайы жақсы, бағасы қымбат болғаны жақсы. «Лада» аламын деушілер болса, көліктің салоны мен кузовын мықтап тексеріп, міндетті түрде беріліс қорабының (коробка передач) мықты болуына да назар аудару қажет. Әсіресе, екінші жылдамдыққа  салған кезде беріліс қорабында ешқандай артық дыбыстың болмағаны дұрыс. Сол себепті «Лада» тізгіндемек болғандар ыңғайлылық дегенге назар аудармаса да болады. Неге десеңіз, ол – «Лада». Бұл көліктердің жақсы тұсы – оған қажетті қосалқы бөлшектерді кез келген жерден табуға болады. Кез келген көлік жөндеу орталығынан жөндей аласыз. Біздің жақта «Лада самара», «ВАЗ – 2115», «ВАЗ – 2114», «ВАЗ – 2110» секілді көліктер сұранысқа ие.

Келесі көлігіміз – «Ауди – 80». Бұл тізімге «Volkswagen»-ді де қосуға болады. Бірақ «Аудидің» олардан бір артықшылығы – бұл көліктердің барлығы мырышталған (оцинкованны). Неміс автокешенінің көліктері қашан да өзінің ыңғайлылығымен көптен озады. Жоғарыда сөз болған «Ладалардың» ХХІ ғасырда шыққан көліктерінің өзі өткен ғасырда пайдалануға берілген «Аудиден» әлдеқайда кем түседі. Жүрісі де, салон ішіндегі ыңғайлылық жағынан алсаңыз да, «Ауди» «Ладаны» он орайды. Бұл жерге көп адамның сүйікті көлігіне айналған «Volkswagen пассат б-3» пен «Volkswagen гольф-3» қосуға болады. Аталған көліктерге қажетті қосалқы бөлшектер де оңай табылады. Бұл көліктердің бір кемшілігі – «май жейді». Сол себепті сатып алатын болсаңыз, моторын мықтап тексерген абзал.

«Мазда 626 кронос». Жапон көлігін біздің ел онша ұната бермейді. «Камри» мен «Прадо» бұл тізімге кірмейді. Бірақ қайталама нарықтағы жапондықтарға көп адам жолағысы жоқ. Бірақ толықтай электрпакет, неміс көлігінен кем түспейтін ыңғайлылықты дәл осы «Кроностан» таба аласыз. Оның үстіне инжекторы істен шықпайды. Әрине, кем-кетік барлығында болады. Біз сөз етіп отырған «Мазданың» кузовы шіриді. Сол себепті бұл көлікті саудаламақ болсаңыз, кузовына үлкен мән берген жөн. Сондай-ақ компенсаторы соғып тұрады. Кроностың ең басты ауруы осы. Егер қалаған сомаңызда жақсы «Кронос» тапсаңыз, моторын мықтап қарап, майын уақтылы ауыстырғаныңыз жөн. Өйткені жапон көлігі кез келген майды ала бермейді. Неміс көлігі мен орыс көлігіне қарағанда «жапондықтарға» қосалқы бөлшек табу қиындау. Сол себепті көп адам оларға назар аудара бермейді. Десе де, егер 2 миллионға «Ауди» мен «Мазда кронос» тап келсе, мықтап ойлануға тура келеді.

«Дэу нексия». Өзбек елінде құрастырылған бұл көлік алып-сатумен айналысатын
таныстарымның оң бағасын алғаны шынымен таңғалдырды. Білетіндер бұл көліктің моторы мықты екенін айтады. Оның үстіне жоғарыда сөз болған көліктерге қарағанда жас. Сол себепті қосалқы бөлшектерді табу да оңайырақ болады екен. Әрине, ыңғайлылығы жағынан «Мазда» не «Ауди «емес. Бірақ «А» нүктесінен «Б» нүктесіне дейін оңай жете аласыз. Іші тар, кузовы шіриді, бірақ көп адам ұнататын «Лада приорадан» әлдеқайда жақсы. Кей «Нексияларда» салқындатқыш орнатылған.

Мақала жаза бастаған кезде көліктердің ыңғайлылығына, қосалқы бөлшектерінің қолжетімділігіне және жөндеудің қалай жасалатынына назар аудардық. Сол себепті бұл жерге «БМВ», «Мерседес» және «Субару» сияқты мықты көліктер енбей қалды. Бұл көліктер майға талғампаз келеді. Оның үстіне қосалқы бөлшектері де қымбат. Одан бөлек «Опель», «Митсубиши», «Хонда» сынды көліктер де енбей қалды. Өйткені оларды жөндеу қымбатқа шығады.

Қалай десек те, аттың сыры иесіне аян. Қандай көлік тізгіндесеңіз де, оның кемшілігі мен артықшылығын иесі ғана біледі. Сол себепті астыңыздағы автоарғымағыңыз жолда қалдырмас үшін оны күтіп-баптау керек. Күтімі мықты, уақтылы жөнделіп тұратын көлік ешқашан жолда қалдырмайды. Соны да ескер, шопыр!

 

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале