Жылдағы дәстүрге сай бүгін Бөрлі ауданының барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиын өтті. Қаладағы№7 ЖОББМ-де өткен салтанатты шараға аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлжанат Сағынғалиева, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Шолпан Искиндирова және ардагер ұстаздар Алима Қабенқызы мен Сақыш Жолдыбайқызы қатысты.
Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталып, мектеп директоры Шолпан Досқалиеваның құттықтау сөзімен жалғасты.
Салтанатты жиын барысында мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары білім күніне арнаған өз өлеңдерін оқып, 11-сынып оқушысы Баянсұлу Қален мерекелік құттықтау сөз сөйледі. 11-сынып оқушылар 1-сынып оқушыларына білім жолында үлкен жетістікке жетсін деген ниетпен сыйлықтар табыс етті.
– Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен аудандық білім беру бөлімінің атынан құттықтаймын. Құрметті оқушылар тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдеріңізді кәдеге жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтар қатарынан болатындарыңызға сенеміз. Алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатовтың «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» деген ұлағатты сөзі бар. Жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп, осы жолға ғұмырын арнаған ұстаздарымыздың игі қызметтеріне табыс тілеймін. Мәртебелеріңізді асырар шәкірттеріңіз көп болғай. Жаңа оқу жылы жетістіктерге жетелесін, - деді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлжанат Амантайқызы.
Сонымен қатар саланатты шарада Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының атынан облыстық білім жүйесіндегі педагогикалық шеберлігі, шығармашылық ізденісі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Ақмарал Шүйінішқалиева Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қаламыздың №7 ЖОББ мектебі 2023-2024 жылғы оқу жылын 1-4 сыныптарда 451, 5-9 сыныптарда 485, 10-11 сыныптарда 92, яғни барлығы 1 028 оқушымен бастағалы тұр.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы