1.09.2023, 22:17
Оқылды: 94

5431 оқушы жаңа оқу жылына аяқ басты

1 қыркүйек – білім күні. Жаңа оқу жылында күрделі жөндеуден өткен Казталов мектеп-лицейі есігін айқара ашты.

20230901042532_IMG_6470

Бүгін Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов Казталов мектеп-лицейінде өткен салтанатты жиынға қатысып, ұстаздар мен оқушыларды және ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтады.

- Баршаңызды білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ауданымыздағы 35 білім ордасының 5431 оқушысы жаңа оқу жылына қадам басып отыр. Оның ішінде 616 оқушы мектеп табылдырығын енді ғана аттады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес білім саласында үлкен реформалар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде білім ордаларының күрделі жөндеуден өтуі мен жаңа мектептердің бой көтеруін ерекше атап өтуге болады. Бүгінде ауданымызда 3 жаңа мектептің іргесі қаланса, оның ішінде бір мектеп пайдалануға беріліп, екі мектептің құрылысы әлі де жүргізілуде. Сонымен қатар жаңа оқу жылында күрделі жөндеуден өткен заманауи ғимаратта білім аласыздар. Бұл еліміздегі мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі түрде жүзеге асуының көрінісі, - деді аудан әкімі.

20230901041944_IMG_6450

Казталов мектеп-лицейінің іргесі 1989 жылы қаланған. 2012 жылы мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін есептемегенде күрделі жөндеу көрмеген. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2022 жылдың 8 сәуірінде күрделі жөндеу жұмыстары басталып, бүгін пайдалануға беріліп отыр. Қазіргі таңда мектеп-лицейде 641 оқушы білім алып, 71 мұғалім оқушыны білім нәрімен сусындатпақ.

20230901045940_IMG_6549

Білім ошағында 34 сынып комплектісі бар.

20230901045756_IMG_6545

Білім күніне арналған салтанатты жиында мектеп-лицей ұстаздары мен оқушылары өнер көрсетті.

Күнсұлу Шаканаева, Казталов аудандық аналар кеңесінің төрайымы, білім беру саласының ардагері:

- Бүгінгі айтулы күнде Казталов мектеп-лицейінің күрделі жөндеуден кейінгі келбетіне куә болып отырмыз. Керемет. Көз тартарлық сыртқы келбеті мен ішкі безендеру жұмыстары, жаңа құрал-жабдықтармен жасақталуы білім алушының құштарлығын арттырары сөзсіз. Соңғы жылдары білім саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Ауданымызда да аталған салада жаңашылдықтың қалыптасқаны қуантады. Өйткені дамыған заманда оқушының жан-жақты білім алуына жағдай жасалуы қажет. Казталов мектеп-лицейі осы тұрғыда өзгелерге үлгі болады деп сенемін.

Томирис Асылбекова, Казталов мектеп-лицейінің 11«а» сынып оқушысы:

- Жаңа оқу жылында күрделі жөндеуден өткен мектебімізге қадам басып отырмыз. Сыныптар жабдықталып, безендірілуі бізді шабыттандырды. Біз биылғы жылы заманауи ғимаратта білім алып, грант иегері атануды мақсат етудеміз. Жалпы білім саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың оңтайлы жүзеге асырылуы бізді қуантады.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале