Бүгінгі білім күні – Бөкей ордасына қарасты Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан мектебінің шәкірттері үшін ерекше қуанышты күн. Соңғы үш жылда мектеп күрделі жөндеуге жабылып, құрылыс жұмысы қарқын алмай, қиындық туындап еді. Жөндеу жұмысы аяқталып, ханордалық шәкірттер жаңа оқу жылын өздерінің қара шаңырақтарында бастады.
- Биылғы оқу жылын 502 оқушымен бастап отырмыз. Бірінші сыныпқа 50 жеткіншек қабылданды. Педагогикалық ұжымда 87 ұстаз бар. Мұғалімдер қатары екі бірдей жас маманмен толықты. Мектебіміз ғана жөндеуден өтіп, жаңарған жоқ. Сонымен бірге пәндік кабинеттер жасақталып, заманауи жиһаз, құрылғылармен жасақталды. Шәкірттеріміз кезекті оқу жылын жарық, әрі жылы мектептерінде бастағандарына шексіз қуанышты, - дейді мектеп директоры Нысанбек Шарафутдинов.
Айтулы күнде аудан басшысы Нұрлыбек Даумов пен Бөкей ордасы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин де ханордалық ағайынның қуанышымен бөлісіп, орталарынан табылды.
Естеріңізге сала кетсек, мектепке жөндеу жүргізген қызылордалық "НұрТехСервис" ЖШС.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz