12.09.2023, 16:45
Оқылды: 162

Ақбөкен санын реттеп отыру – дұрыс шешім

EEB7B762-4D44-488B-B390-4CA2F17C0ABD

Сурет: ttjk.info

Бүгінгі таңда ауданның шаруалары үшін киік санының шамадан тыс өсуі қолайсыздық туғызуда. Себебі малға қажетті шабындықты киік отап кетеді деген шағымданушылар да көбейіп отыр. Осы мәселелер республикалық деңгейде  қанша көтерілсе де, шешімі табылмауда. Енді бұның шешімі – киіктің санын реттеу.

Өз басым киіктің санын шектеп, оның есебін жүргізіп отыруды дұрыс деп санаймын. Бұдан бұрын да ауданда киік санының шамадан тыс көбеюіне байланысты облыста «ОХОТПРОМХОЗ» мекемесін ашуға тура келді. Мен өзім 1984 жылы «Бетпақ дала» ОХОТПРОМХОЗ аң аулау шаруашылығы қоғамының Жаңақала ауданы бойынша директоры болып қызметке тағайындалдым. Содан кейін Ақтөбе қаласынан киік ату бригадасы келіп, жұмыстанды. Кейін өзімізден құрылды. Басында киікті атып ұстаған кезде денеге тиген оқтың аумағында қан ұйып, терісі шұрық-тесік болғандықтан сауда нүктелеріне тапсырған кезде еті де, терісі де сапасыз болды. Осыған байланысты Ресейдің Элиста қаласынан аң аулауға арналған тор алдырдық. Яғни, қамап ұстау дағдысына көштік. Мотоцикл айдаушылар 200-300 басқа дейін қуып әкеліп, торға қамап, бауыздап соятын үрдіске көшті. Осыдан кейін етінің де, терісінің де бағасы жоғарырақ болды. Ауыл тұрғындары да етпен қамтамасыз етіліп, төмен бағада берілді. Тағы бір айта кететін жағдай, қуған кезде өкпелері ентігіп, жүрегі жарылып ұзақ өмір сүре алмайды деген көзқарастар болды. Осыған байланысты өмір сүру мерзімдерін анықтау мақсатында кейбіреулерін сырғалап шығарып жібереміз. Келесі жылдары қамаған кезде, сырғалаған киіктерді кездестірген сәттеріміз де болды. Сондықтан киікті қамап ұстаған пайдалы және ол санын реттеуге де септігін тигізеді. Аулаудың мақсаты – оны түбегейлі қырып салу емес. Ол кезде де әуе санағы жүргізіліп отырды. Осылайша Алматы қаласындағы аң аулау шаруашылық қоғамына барып, киіктің экономикалық жағынан қоғамға келтірер пайдасын дәлелдедім.

Қазір Қамыс-Самарға су келтіру мәселесі де көтерілуде. Менің ойымша, ол жөнді айтылған мәселе. Бұл бұрыннан киікке қолайлы жер. Ол жерде сортабандар бар, киіктің терісінің таза болуына сорлы жерлердің пайдасы көп.   1972-1973 жылдары Қамыс-Самар көлдері суға толы болды. Киікте сол жерді мекен етті. Ол табиғат құбылыстарына өзі бейімделетін жануар болғандықтан, жанына жайлы жайылысты өзі табады.

Ғады Ғали Текебаев,

Жаңақала ауданының тұрғыны, еңбек ардагері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале