2022 жылы Қазақстанның тұрғын үй қорының жалпы ауданы 405,15 млн шаршы метрге дейін өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көрнекі сурет (Ulysmedia.kz)
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қалалық тұрғын үй қорының ауданы бойынша Алматы (52,2 млн м2), Астана (31 млн м2) және Шымкент 21,6 млн м2) қалалары көш бастап тұр. Ауылдық жерлерге келетін болсақ, мұнда ең көп тұрғын үй Түркістан (25,4 млн м2) және Алматы (21,8 млн м2) облыстарында орналасқан.
«2022 жылы тұрғын үйлердің саны 2,4 млн бірлікті құрады, оның ішінде қалада 1 млн бірліктен астам, ауылда – 1,4 млн бірлік. Жалпы саннан 2,1 млн бірлік – жеке үйлер, 311,5 мыңы – көппәтерлі үйлер», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, статбюро дерегінше, Қазақстанда 1900-ден астам үй апатты жағдайда тұр, онда 29,4 мың адам тұрады. Мұндай тұрғын үйлердің көпшілігі Атырау облысында (379 үй) орналасқан, ең азы – Қостанай облысында (5 үй).
«Бір адамға шаққандағы жалпы аумақтың орташа мөлшері ауылдық жерлерге қарағанда қалада жоғары. Мәселен, 2022 жылы бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші 23,4 м2 құрады, оның ішінде қалалық жерде 25,8 м2, ауылдық жерде – 19,8 м2. Ең жоғары көрсеткіш Астанада – 1 тұрғынға 30,5 м2, Алматыда – 29,1 м2 және Маңғыстау облысында – 27,8 м2. 1 адамға шаққандағы тұрғын үй аумағының ең аз алаңы Жамбыл – 18,1 м2 және Жетісу – 18,9 м2 облыстарында. Бес жыл ішінде бір тұрғынды тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіш 1,5 м2-ге ұлғайған», – деп мәлім етті сарапшылар.