Бүгін Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов Қоныс елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.
Биылғы жылдың есебі тыңдалып, елдің мәселесі талқыланған жиынға аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық мәслихат депутаты Дархан Даулетияров, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева, аудандық «Мансап» орталығының басшысы Эльмира Сармалаева қатысты.
Қоныс елді мекені тұрғындарымен кездесуде салық түсімдерін, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Халық өз тарапынан учаскелік полиция инспекторының жұмысын реттеу, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмысын арттыру, ауыз су мәселесін жүйелендіру, шағын футбол алаңын жөндеу, бөгетке су айдау, техникалық су тарту, ауылдағы көшелерді асфальттау мәселелері жөнінде сұрақтарын қойды. Сұрақ-жауап форматында өткен жиында тұрғындардың сауалына аудан әкімі, округ әкімі, бөлім, мекеме басшылары жауап берді.
Аудан әкімі жиында сөйлеген сөзінде тұрғындардың мәселесін шешуде заң бұзушылыққа жол бермеу керектігін баса айтты.
– Халықпен кездесу жиындарында көптеген мәселе көтеріледі. Әрине, мәселелерді заң аясында шешуіміз қажет. Бірақ кейбір мәселе шешімін тапқанымен азаматтарымыздың көпшілігі заң бұзушылық әрекеттерге барады. Мәселені мал бағымын ұйымдастыру, шаруа қожалық пен жеке кәсіпкерліктер табысын жасырып қалу мақсатында әлі де қызметкерінің айлығын қолма-қол беріп, тиісті төлемдерін аудармай жүргендері бар. Бұл өз кезегінде салық түсімдерінің түсуіне де кедергі келтіреді. Елдегі мәселе шешімін тапсын десек бірлесе отырып жұмыстанғанымыз жөн, - деді аудан әкімі.
Асланбек Ахметоллаұлы жиында көтерілген мәселелер бойынша округ әкімі мен бөлім басшыларына, учаскелік полиция инспекторының көмекшісіне тапсырма берді.
Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы