18.09.2023, 14:30
Оқылды: 89

БҚО-да жол апатынан бір отбасының алты адамы қаза тапты

Оқиға Самара-Шымкент тас жолында болған. Кеше сағат шамамен 19:30-да Орал қаласынан шығып, Сырым ауданына қарай бет алған «Lada Priora» жеңіл көлігі Бекей кенті тұсында «DAF» жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан бір отбасының алты адамы қаза тапты.

9BEBACCA-866D-49B4-82C2-300D72002FCC

Әлеуметтік желіде қаза болған жас жұбайлардың Сырым ауданындағы Қадыр Мырза Әлиев атындағы орта мектептің мұғалімдері екендігі айтылуда. Олар отбасында бес бала тәрбиелеп отырған. Оқиға орнында 33 және 34 жасар ересек адам мен 11, 12, 5 және бір жасар баланың денесі табылған.

Қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс ашылып, тергеу басталған.

Бүгін Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин қара жамылып отырған отбасы мүшелеріне көңіл айтты.

– Өте ауыр қайғы, бір үйден екі ересек адам мен төрт баланың мүрдесін шығарудың қаншалықты ауыр екенін түсінеміз. Біздің полиция өкілдері күндіз-түні трассаларда жұмыс істейді. Бірақ әр машинаның қасына полиция қоя алмаймыз, бізде ондай мүмкіндік жоқ. Қаза тапқан отбасының артында қалған ағайындарына, бауырларына қайғырып көңіл айтамын. Осы сәтті пайдаланып көлік жүргізушілерін жолда жол жүру ережесін сақтауға шақырамын. Көлік жүргізушілерінің сана-сезімі көтерілмейінше, олар жолдағы жауапкершілікті түсінбейінше жол апатынын алдын алу әзірге мүмкін болмай отыр, - деді ол.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында 270 жол апаты тіркеліп, 59 адам қаза тапқан. Жарақат алғандар саны – 344.

Жанат Көшкінбай

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале