Бүгін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Бәйтерек ауданына қарасты Қайнар ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
– Президент денсаулық саласына көп көңіл бөліп отыр. Әсіресе ауылдық жердегі халықтың саулығын жақсартуды тапсыруда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз осымен облыстағы екінші фельдшерлік-акушерлік пунктті ашып отырмыз. Енді ауыл тұрғындары медициналық қызмет алу үшін аудан орталығына жүгірмейді. Бұл орталықта алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған барлық жағдай жасалған. Орталық баршаңызға қызмет етсін, - деді өңір басшысы.
Қайнар ауылында 800-ден астам адам бар. Бұрын ауыл тұрғындары қарапайым қан анализдерін тапсыру үшін аудан орталығына баратын еді.
– Біз осындай заманауи орталықты 30 жыл күттік. Мен өзім дәрігермін. Өмір бойына іші мұздай пунктте жұмыс істедік. Жағдай жоқ еді. Енді міне жарқыраған ғимарат пайда болды, - деді жиында сөз алған ардагер дәрігер Құрманай Жалмурзина.
Айта кетейік, БҚО-да 2025 жылға дейін дәл осындай 50 нысан салу жоспарланып отыр. Оның 12-сі биыл салынады.
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz