Теректі аудандық мәдениет үйінде «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» бірлестігінің ХХV шығармашылық фестивалінің аудандық кезеңі өтті.
Өнер додасы үш кезең бойынша өрбіді. Талантты теректіліктер «Эстрадалық вокал», «Музыкалық аспапта ойнау» және «Көрме» аталымдары бойынша кім мықтыны анықтады.
Шараны Теректі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Тасенова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Құрамында аудандық балалар шығармашылық үйі директоры Асима Құтқожиева, Теректі аудандық балалар музыка мектебінің оқытушысы, облысымызға танымал дәстүрлі әнші Дәурен Жұмағалиев, Достық үйі директоры Гүлмира Ғилымқызы, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Замира Сапарова және аудандық мәдени-демалыс орталығының үйірме жетекшісі Сағидолла Изделеев бар қазылар алқасы облыста аудан намысын қорғайтын қатысушыларды анықтау керек болды.
Нәтижесінде «Эстрадалық вокал»аталымы бойынша Шалқар ауылдық округінен келген Дастан Досмурзин үздік атанды. Ал «Музыкалық аспапта ойнау» аталымында Подстепный ауылынан келген, бүгінгі таңда Орал гуманитарлық-техникалық колледж студенті Әділхан Оралбаевқа тең келер ешкім болмады. Шаған ауылдық округі орталығы Жаңа өмір ауылының тұрғыны Жанна Мұхамедьярова «Көрме» аталымы бойынша Теректінің намысын Орал төрінде қорғайды.
Сайысқа қатысқан барлық жүлдегер мен жеңімпазға алғысхат және естелік сыйлықтармен марапатталды.
«БҚО мүгедектері ерікті қоғамы» бірлестігінің Теректі аудандық филиалы төрайымы Назгүл Мағзомова аталмыш шараны ұйымдастырар да демеушілік көрсеткен бірқатар жомарт азаматқа алғысын білдірді. Шараға қолдау көрсеткендер қатарында кәсіпкер, «Президент» кешенінің басшысы Ильдар Үмбетяров, «Арлан» шаруа қожалығы басшысы Әлібек Сахипов және Теректі аудандық мәслихат депутаты Антон Бауткин бар.
Сонымен қатар байқау барысында аудандық мәдени-демалыс орталығы өнерпаздары ән салып, қатысушыларға керемет көңіл күй сыйлады.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz