1.10.2023, 17:29
Оқылды: 84

Теректінің "Екі жұлдызы" – Гүлім мен Асылай

Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылындағы мәдениет үйінде жастар өкілдері арасында Теректі ауданының 90 жылдығына орай «Екі жұлдыз» ән байқауы өтті. Аталмыш шараны Ақжайық, Аңқаты, Ақсоғым және Шағатай ауылдық округтерінің жастар жетекшілері бірлесе ұйымдастырған.

екі жулдыз

Байқаудың ашылу салтанатында Теректі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысы Нұрсұлтан Қадырғалиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Осындай үлкен шараларды тек аудан орталығында ғана емес, шалғай жатқан ауылдарда да өткізіп тұруды қолға алдық. Жастар бір-бірімен пікір алмасып, бойларындағы өнерлерін паш етіп, өзара қарым-қатынас орнатса дейміз. Аталмыш байқауда әнді сүйетін, республикалық додаларда топ жармаса да, жүректеріне өнерге деген махаббат орныққан жастарымыз қатысып отыр. Аудан жастары Теректінің 90 жылдығымен құттықтайды. Әлі де қолға алар жобаларымыз бар. Сол шараларда ауданның жастары алдыңғы қатарда болады деп сенеміз,- деді Нұрсұлтан Жасұланұлы.

еки жулдыз 1

«Екі жұлдыз» аудандық байқауына алты жұп қатысып, олар бірінші айналымда патриоттық бағыттағы әндерді, екінші айналымда еркін тақырыпта ән шырқады.

еки жулдыз 3

Теректі аудандық мәслихаты депутаты, ақын, журналист Әділет Әлібекұлы, Шалқар ауылдық округінің жастар жетекшісі Ерхат Шмитов және «Айгөлек» бөбекжайының музыка пәні мұғалімі Әсел Жүсіпова қазылық еткен байқаудың І орыны ақжайықтық Гүлім Жоламанова мен Асылай Маматоваға бұйырды.

газетке екі жулдыз

Тұғырдың екінші сатысына Ұзынкөл ауылының жастары Жеңіс Имашев пен Әсемгүл Әнесова жайғасса, үздік үштікті шағандық Бағжан Серік пен Айдар Құбаев түйіндеді. Ақсуат ауылынан келген Әлібек Айтқалиев пен Альмира Кутумбаева, Долин ауылының таланттары Майра Шарипова пен Шұғыла Қыдан, Подстепныйдың өнерлі жігіттері Айдос Жолдығалиев пен Аңсар Абузаров Алғысхатты місе тұтты. Ұйымдастырушылар тарапынан барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

еки жулыз 2

Айта кету керек, байқауға қатысқан жастардың дені мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарып жүрген жас мамандар. Алайда, осындай шараларға қатысу олар үшін қияметтің «көкесі» екен. Сол мекемелерде басшылық қызметте отырған азаматтар жас мамандардың аудандық шараларда төбе көрсетуін қаламайды-мыс. Басшылықтан жалынып-жалпайып сұранып, одан кейін сөгіс естіп жүретін жастардың осы тақылеттес жобалардан сырт айналуының басты себебі осы. «Таланттың бәрі ауылда» дейміз, алайда креслода шіреніп, болам деген жастың меселін қайтарар басшылар барда Теректі жастарының мықты болуы неғайбыл нәрсе.

Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале