1.10.2023, 22:01
Оқылды: 83

Жәнібекте ардагерлер ардақталды

Әмбеге аян 1 қазан – Халықаралық қариялардың күні. Бас Ассамблея бұл күнді 1990 жылы желтоқсан айының он төртшіні жұлдызында ресми түрде жариялаған болатын. Асылында, аталған мереке ертеден Еуропада, кейін Америкада тойланған. Қазақ халқы дүние дүние болғалы қарияларды ардақтап, сөзін санаға салмақтап, ерекше құрмет көрсете білген. Оған халқымыздың "Бір қарияның кесімді сөзі еліңді, бір кейуананың кесімді сөзі келінді тәрбиелеген" деген ұстанымы дәлел.

FB_IMG_1696164758864

Осы орайды жәнібектік ақсақалдардың орнын айтпай кетуге әсте болмайды. Олар зейнет жасына келдік яки көрерімізді көрдік деп үйде отырған жоқ. Елдің ісіне араласып, жастарға ақыл-кеңестерін жеткізіп, аудан жұртшылығының ортасында жүр. Жәнібектегі кез келген келелі істің жүзеге асуын әуелі қарттар ой елегінен өткізеді. Соның арқасында байыптап һәм саралап, көп жетістіктерге жетудеміз.

Мерекеге байланысты аудандық ардагерлер үйінде өткен іс-шара қариялардың беделін одан сайын арттырды. Бірінші кешті көруге келген қарттарды дәрігерлер қабылдады. Олардың қан қысымын өлшеп, дәрігерлік кеңестер берді.

FB_IMG_1696164761496

Аудандық кітапхана ұжымы мен аудан өнерпаздары ұйымдастырған концертте ауылдық округтерден арнайы келген ақсақалдар қауымы тынығып қалды. Әуезді ән, әсерлі жыр тыңдаған қарияларды аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов құттықтап, жылы лебізін білдірді.

FB_IMG_1696164777129

Ерекше күнде №1 мектеп-лицейінің оқушылары "Дала сазы" биін тарту етті. Қазақтың домбырасы күмбірлеп, Ерданат Серіков "Мың алғыс, әке" әнін орындады. Асылан Боранбаев "Ризамын" әнін әуелетіп, көрермендер ішіндегі қарияларға алғысын айтты. Әрмен қарай №1 мектеп-лицейінің оқушылары кешті жырмен тербеп, "Шипалы түн" атты көрініс қойды. "Балбырауын" күйін жеткізген Есет Мұхаммед те ыстық ықыласқа ие болды.

FB_IMG_1696164764582

Оқушылардың жетекшісі Әдемі Ахметова ортадан табылып, мектеп атынан құттықтау хатты табыс етті. Сөз алған "Ардагерлер ұйымы" РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев ардагерлер арасында өткен шахмат сайысының жеңімпаздарын марапаттап, естелік сыйлық тарту етті.

FB_IMG_1696164767907

Соңында прокурор Сәкен Молдашев пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Айшуақ Сейтқазиев өз тілектерін арнап, сый-сияпат жасады. Шексіз әрі шынайы құттықтаулардан соң кешті Мейрамгүл Дәулетқалиева "Алғыс" әнімен аяқтады.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале