3.10.2023, 9:45
Оқылды: 90

Әншіге құрмет - елге міндет

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сәуле Таудаевамен «Ән салсаң, Сәуледей сал...» атты кездесу өтті.

384733246_2260582697664239_4671138634374546176_n

Дәстүрлі әншінің мерейлі 65 жасқа толуына орай ұйымдастырылған кеште облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұқанғалиев ізгі ниет-тілегін ақтарып, басқарма басшысы Сайран Дүйсеновтың алғысхатын табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов термешіні жерлестері атынан мерейтойымен құттықтап, осындай жылы жүздесулерді жиі өткізетін Қадыр сарайындағы ұжымға алғыс жаудырды. Оған қоса орталықтың директоры Серік Тоқмамбетовке алғысхат ұсынды.

Өз кезегінде Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шаленов ауылдастар атынан Сәуле Жаманқызына ат мінгізетінін айтты. Ал «Парасат» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дариға Мұштанова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сағынтай Бисенғалиев жүрекжарды ықылас-пейілін өлең-жырмен жеткізді. Мәдениет саласының үздігі, әнші, термеші Зияш Аманғалиева мен жұбантанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Үзілдік Елеубайқызы Сәуле Таудаеваның тұлғалық болмысы туралы кеңінен әңгімеледі.

Зиялы қауым өкілдері һәм өнерсүйер қауым қатысқан кездесу барысында кеш иесі репертуарындағы әндерді шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оның Дастан Есентеміров, Айжан Мұхамбетжанова, Назгүл Қабиева сынды шәкірттері де ән салды. Жүздесудің басқа да қатысушылары дәстүрлі әншінің өз ісінің шебері екенін тілге тиек етті. Әншіге мектепте сабақ берген ардагер ұстаз Ақкенже Жұбанышева ақтарыла сөйлеп, ақ батасын берді.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале