3.10.2023, 14:30
Оқылды: 68

Батырдың есімі ұлықталды

Кеңес Одағының Батыры, Тасқала ауданының құрметті азаматы Садық Жақсығұловтың есімі берілген Орал қаласындағы көшеде «Тасқала тарланына тағзым» атты тарихи-танымдық кеш өтті.

86ae9f8d-34a7-4708-8180-94b57d3e88b8

«Бір көше – бір тарих» кітапханалық жобасы аясында Тасқала аудандық орталықтандырылған кітапханасы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – қала көшелеріне есімі берілген азаматтардың игі істерін жас ұрпаққа үлгі ету, олардың өнегелі өмірі мен ерлігін насихаттау. Кешке Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Айтқали Нәріков, батырдың қызы Тамара Садыққызы, Тасқала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжан және Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Ұрқия Жиеналиева қатысты. Іс-шара барысында Айтқали Нәріков батырдың ерлігін еске алды.

a3cc1ef4-62bc-47bc-b791-2dbb1c75653e

– Тарихтағы тұлғалардың табандылығы мен қайсарлығы – бүгінгі буынға өнеге. Намыстың туын жықпай, сенім мен сертке беріктігін көрсеткен батырлардың есімі ұмытылмайды. Садық Шәкелұлы халыққа көрсеткен қамқорлығымен, қарапайымдылығымен елдің есінде қалды, – деді ақын.

Айта кетейік, Ұлы Отан соғысына Тасқала ауданынан  6682 адам аттанса, оның 700-ден астамы елге оралмаған. Аталмыш ауданнан үш Кеңес Одағының Батыры, бір «Даңқ» орденінің иегері шыққан. Олардың қатарында Садық Жақсығұлов та бар. Ол 1943 жылы «Ерлігі үшін», 1944 жылы «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Курск иініндегі шайқасқа қатысып, Днепр өзенінің оң жағалауында жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындағаны үшін 1944 жылдың 22 ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Ленин» ордені және «Алтын Жұлдыз» медалімен қоса, Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы Камен аудандық кеңесінің шешімімен Тасқала ауданының құрметті  азаматы атанған.

Кеште ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Батырмен жүздесу», Шәки Қайырғалиевтің «Батыр аға», Марфуға Айтхожинаның «Елін бастап ерлікке, ереуілге» және жас ақын Меңдібек Лұқпановтың «Батырға тағзым» атты арнау өлеңдері оқылды. Тамара Садыққызы әкесі жайлы естеліктерді тарқатып, кешті ұйымдастырған мекеме қызметкерлеріне алғыс айтты. Іс-шара соңында «Тасқала тарихындағы өшпес тұлға» атты кітап көрмесі таныстырылды.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале