4.10.2023, 12:30
Оқылды: 68

Батыс Алашорданы ұйымдастырушылардың бірі еді

Алаш қозғалысының белсенді өкілдерінің бірі - Ғұбайдолла Әлібеков 1870 жылы Орал облысы Жымпиты уезінің Қарасу болысында дүниеге келген. Ол бала жастан молдадан хат таныған. Кейіннен Оралдағы мұғалімдер училищесінде және Орынборда мұғалімдер даярлайтын семинарияда білім алған.

жп орда

Семинарияны аяқтап елге келіп, Ойыл және Соналы болыстығында ауыл мұғалімі, болыс басқарушысы, тағы басқа қызметтерді атқарды.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Халел және Жанша Досмұхамедовтермен бірге Алаш қозғалысын ұйымдастыруға кірісті. Жергілікті Алаш қайраткерлерімен бірге қазақтардың Орал облыстық бірінші съезін өткізуге атсалысты.

1917 жылғы 21-28 шілдеде Орынборда өткен бірінші жалпы қазақ съезіне Орал және Маңғыстау уезі атынан депутаттыққа кандидат ретінде тіркелді.

1920 жылдың наурызынан бастап Қазақ революциялық комитетінің мүшесі болды. ҚазақАКСР-ін құру ісіне белсене араласып, қазақ халқының тарихи-этникалық және жер көлемін мейілінше толықтай сақтап қалуға үлесін қосқандардың бірі.

1920 жылдың 24 қыркүйегінен бастап Қазақ АКСР-ның юстиция халық комиссары, кейін бас прокурор қызметіне тағайындалды.

Қазақ автономиясының алғашқы құқықтық жобаларын және заң үлгілерін жасауда басшылық жасады. Онда жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, тарихи таным түсінігі ескерілуі керек деген талап қойды.

Алайда денсаулығының нашарлауына байланысты 1921 жылдың наурызында бастаған ісін аяқтай алмай елге оралады.

Ғұбайдолла Әлібеков 1922-1923 жылдары Орал облысы Жымпиты уезі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүріп 53 жасында қайтыс болған.

 

         Зулхожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале