5.10.2023, 16:00
Оқылды: 39

Бәйтеректік еңбек ардагерлерімен кездесті

Халықаралық Қариялар күні және қайырымдылық айлығына орай Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов бәйтеректік еңбек ардагерлерімен дастархан басында кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.

IMG-20231005-WA0010

 - Халқымыздың даналығы мен дәстүрін сақтаушы, жас ұрпаққа үлгі көрсететін данагөй, ісіне берік ақылшы ретінде сіздерді әрқашан мақтан етеміз. Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар. Біз - қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпақтарымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз, - деді Марат Лұқпанұлы.

IMG-20231005-WA0013

Өз кезегінде аға буын өкілдері өздерін елеп-ескеріп, мерекемен құттықтап жатқан аудан басшылығына ризашылығын білдірді. Мәселен, Көшім ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің мүшесі, қаламды жанына серік еткен еңбек ардагері Майдан Жұбандықовтың айтуынша, бүгінгі таңда Бәйтеректің бағындырған белесі көп. Алда тұрған міндеттер де аз емес. Оларды орындауда аға буын өкілдері де қолдарынан келген көмектен аянып қалмайды. Ал ауданның құрметті азаматы, «Ауыл тынысы» газетінің штаттан тыс тілшісі Николай Анципрович ауданда соңғы кезде игі бастамалардың көптеп қолға алынуы ел-жұрттың ризашалық сезімін туғызып жатқанын атап өтті.

IMG-20231005-WA0014

- Біз өмір жолының біраз бөлігін жүріп өттік, еңбек өтіліміз де емес.Дастархан басында отырғандардың көпшілігін танимын. Кезінде әріптес болып, түрлі салада елімізді өркендету жолында уақытпен санаспастан еңбек еттік. Қазір сол еңбегіміздің зейнетін көрудеміз. Біраздан бері басымыз қосылмай жүрген бізді әдемі дастарханға жинаған аудан басшылығына айтар алғымыз зор. Алдағы уақытта да бауырымыз бүтын күйде кездесуге жазсын, - деді саналы ғұмырын мемлекеттік қызмет саласына арнаған Любовь Шмарина.

Бұл тілекке өзге де еңбек ардагерлері қосылып, олар да ауылдарына қатқыл табанды жол, су келіп, әлеуметтік нысандардың бойкөтеріп, күрделі жөндеуден өтіп жатқанын және өзге де игіліктерді айтып, мемлекет басшысына, орталық, жергілікті атқарушы билік құрылымдарына ризашылықтарын жеткізді.

Кең жайылған дастархан басында аға буын өкілдері, жергілікті өнерпаздар ән салып, би билеп, мерекенің көрігін қыздырды.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале