6.10.2023, 17:15
Оқылды: 103

«Саламатты Қазақстан» пойызы шыңғырлаулықтарға қызмет көрсетті

ҚР президенті әкімшілігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы жыл басында ауқымды әлеуметтік жобаны қолға алған болатын.

поезд

Нәтижесінде «Самұрық -Қазына» АҚ және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жобасы бойынша «Саламатты Қазақстан» пойызы халыққа қызмет көрсету үшін жолға шықты.

Енді міне, осы жылдың сәуір айынан бері еліміздің түкпір-түкпірін аралап келе жатқан пойыз біздің өңірге де келіп, жұмысын жалғастырды. Денсаулыққа қамқорлық сапарында дәрігерлер мен мамандар мыңнан астам ауыл тұрғынына емдеу-сауықтыру және консультативтік-диагностикалық көмек көрсеткен.

Бүгін аталмыш пойыз Шыңғырлау ауданы Амангелді теміржол стансасына бас тіреп, тұрғындарға түрлі медициналық, құқықтық кеңес пен көмек беріп жатыр. Соның ішінде телемедициналық технологияларды қолдану аясында сапалы қызмет алған тұрғындар «Жәрдем» деп аталған пойызға, дәрігерлермен мамандарға алғыс білдірді.

Амангелді теміржол стансасына келіп тоқтаған «Саламатты Қазақстан» пойызына алғаш болып бас сұққан Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев және аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев болды.

Дәрігерлер бригадасының жұмысына сәттілік тілеген аудан әкімі:

 - Саламатты Қазақстанымыздың өркендеуіне үлес қосып, осындай үлкен жобаның игілігін халық көруі үшін ұзақ сапарларда жүріп, аянбай еңбек етіп жүргендеріңіз үшін рахмет айтамыз! -деді.

Бұл күні жан-жақтан келіп, осында қаралам деген шыңғырлаулықтар үшін еш қиындық болмады. Халық көп келді. Бұған Амангелді стансасының тас жолдың бойында орналасуы, ауа-райы да мүмкіндік берді. Денсаулығында кінәрат болмаса да, бір тексеріліп алуды ойлағандар да бар екен. Ерте келіп бірнеше дәрігерден өткен шыңғырлаулық Тамара апай «Денсаулығым жақсы екен» деп қуанып жүр. Барлық ауылдық округтен, Шыңғырлау ауылынан да дәрігерлерге көрінушілер толассыз жалғасты.

- «Саламатты Қазақстан» пойызына Ащысай ауылынан 20-30 адамдай тұрғын келді. Бәрі де хабарландыру берілген күннен бастап күтіп жүрген болатын. Пойыздағы әр дәрігердің қабылдауына жазылып, ақыл-кеңесін алды. Енді біреулері қажет деген сараптамаларын да тапсырып, оны көп күттірмей-ақ, қолдарына алып жатыр. Тез, сапалы, әрі кәсіби біліктіліктерін көрсеткен дәргерлерге ризамыз. Әсіресе, ауылдықтар үшін осындай қызмет өте қажет. Жылына бір рет болса да тегін, ауылдан қаралып алғанға не жетсін! - дейді Ащысай мектебінің алғашқы әскери дайындық мұғалімі Қуаныш Жәңгіров.

Айсұлу Амангелдіқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале