Бүгін, 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні және "Қазпоштаның" құрылғанына 30 жыл толып отыр.
Осы орайда Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов ауданымыздың пошташыларын қабылдап, ізгі тілегін білдірді.
- Сіздер 30 жыл ішінде тарихқа ие "Қазпошта" ұйымын құрдыңыздар. Жылдар ішінде үлкен белестерді бағындырып, заман талабына сай қызмет атқарып келесіздер. Қазіргі таңда аудан орталығын қоспағанда, 8 ауылдық округте пошта байланыс торабының басшыларымен қоса, 21 қызметкер халыққа қызмет көрсетуде. Айтулы мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға жеміс тілеймін. Сәлемдемелеріңіз уақытында жетіп, көрсеткіштеріңіз тек жоғары бола берсін, - деді Ж.Каримоллаұлы.
Басқосу барысында Ж.Абдолов ардагер пошташылар Мейізхан Қабылнасырова, Сәния Сұлтанғалиева, Орынғаным Ғатауллина, Гүлбаршын Арыстанғалиева мен қазіргі таңда байланыс торабының пошта қызметкерлері Ұлболсын Қабышева, Айнұр Мұталиева, Шынаргүл Сұлтанғалиеваға аудан әкімі Тимур Шиниязовтың атынан құттықтау хат табыс етті.
Сонымен қатар ол көпжылдық жемісті ынтымақтастық пен мерзімді баспасөз басылымдарына жыл сайынғы жазылу науқанына қатысқаны үшін алғысын білдірген "Қазпошта" АҚ облыстық филиалының директоры Д.Хасанғалиевтің алғыс хатын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукина, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің директоры Берік Ықсанов пен аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Айжан Іспенбетоваға табыстады.
"Қазпошта" байланыс торабы Жәнібек аудандық бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Аида Ысқақова мен ардагерлер алғыс білдіріп, әдемі тілектер айтып тарқасты.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz