10.10.2023, 15:45
Оқылды: 55

Щучинскідегі студенттің өлімі: арнайы жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты

Ішкі істер министрлігі өкілдері Щучинскідегі студенттің өліміне қатысты істің мән-жайын айтты, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

6ada6f7b-21fe-43ab-a203-5ec2fea7fa86

Фото: pixabay.com

Мемлекет басшысының Ақмола облысы Щучинск қаласының 19 жастағы тұрғынының өлімін жан-жақты тергеу бойынша берілген тапсырмасымен ІІМ орталық аппараты мен облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шықты.

Қосымша Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу), сондай-ақ қаза тапқан адамның туыстарының одан ақша бопсаланды деген арызымен ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық істер қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Алдын ала тергеу нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.

Еске салайық, 6 қазанға қараған түні Щучинскідегі теміржол бойында Жоғары техникалық колледждің 4-курс студенті өлі табылған болатын.

Марқұмның есімі Роман Бодагов. Полиция мәліметінше, оның мәйіті Бурабай курорты мен Жамантұз арасындағы учаскеде теміржол бойында табылған. Қайғылы оқиғаға байланысты Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімшесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабы 2-бөлігі "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе теміржол көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу" бойынша соталды тергеу басталды. Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Бүгін Президент Тоқаев Ішкі істер министріне тапсырма берді.

massaget.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале