Қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті халқымызда «Қариясы бар ел — қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар.
Бүгін Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова қарияларға арнап ақ дастархан жайды. Ауданымызда ұзақ жылдар бойы еңбек еткен қарттардың басы қосылған жиында сөз алған аудан басшысы Әлия Биғазықызы:
— Үлкенді сыйлау, оларға ізет көрсетіп, қамқорлық жасау — ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Ауданымыздың дамуы мен гүлденуі жолында жасаған жұмыстарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Ортамызда ақылшы болып отыра беріңіздер. Ел аман, жұрт тыныш болғай. Мереке құтты болсын, — деп ізгі тілегін білдірді.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Білікбай Қазиқанов, ауданның құрметті азаматтары Мұсағали Төлегенов пен Василий Савченко ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде әңгіме өрбітті. Сонымен қатар Теректінің тумасы, Орал қаласының тұрғыны, спорт ардагері Серік Нұрғалиев арнайы келіп тілек білдіріп, теректілік спорт ардагері Татьяна Хмарскаяға БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының атынан құттықтау хаты мен спорт саласына сіңірген еңбегі үшін төсбелгі тақты. Сонымен бірге алыс-жақын ауылдардан келген ақсақалдар да ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Көңілді дастархан басындағы әңгіме әсем әнмен, жақсы тілектерге ұласты.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz