12.10.2023, 14:45
Оқылды: 33

«Ұрпақтар сабақтастығы»

Облыстық кәсіподақтар орталығында «Ұрпақтар сабақтастығы» атты кеш өтті. Іс-шараға салалық және жергілікті кәсіподақтың төрағалары, ардагерлері мен жастары қатысты.

 IMG_2039

Кездесу сипатында өткен кеште өңірге еңбегі сіңген ардагерлер мен сала мамандары бас қосты. Қадірлі қонақтардың қатарында «Жайықжылуқуат» акционерлік қауымдастығының ардагері Хатеп Ишанбеков, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері, ұстаз Асқар Акишев, Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясының еңбек ардагері Қуаныш Кенжеғалиев, Бөкей ордасы аудандық салалық кәсіподағының төрағасы Тілеген Арыстанбеков, №6 қалалық емхананың дене шынықтыру бойынша нұсқаушысы Болат Иманғалиев және облыстық аурухана дәрігер-анестезиолог маманы Марат Құсмағамбетов сынды азаматтар болды. Жиын басында облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова осынау кештің мақсат-міндетіне тоқталды.

– Қайырымдылық айлығы аясында кәсіподақ саласында біраз жыл еңбек еткен өздеріңіздей ағаларымызды кездесуге шақырдық. Осы іс-шараның негізгі мақсаты – арамызда отырған жастарға сіздердің өмірлеріңізді, қызмет жолдарыңызды үлгі ету, өңірдің дамуына қосқан үлестеріңізді, жеткен жетістіктеріңізді насихаттау. Осы ретте айтайын, «Қарттарым – асыл қазынам» деген сөз бар. Өткен мерекелеріңізбен құттықтаймын! Біз алдыңғы буын өкілдерінің игі істерінен өнеге алуымыз керек. Сондықтан да қызмет барысында көрген қиындықтар мен қызықтарды баяндап отырсаңыздар, – деді Айгүл Оразқызы.

Жалпы кәсіподақ ұйымының еңбек қатынасын реттейтін, қызметкерлердің денсаулығына, әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап, сала мамандарының басын біріктіретін ұжым екені белгілі. Осындай бір ұжымның ортасында жүріп, аянбай қызмет еткен еңбек ардагері Хатеп Ишанбеков дастарқан басында әңгімесін әріден бастады. Ол кәсіподақ ұйымының тарихы жайлы ақпар берді. «Тарихқа үңілсек, кәсіподақтар Англияда пайда болған. Ал 1905-1907 жылдарда Ресейде революция кезінде құрыла бастады. Қазақстандағы кәсіподақтар тарихы 1923 жылдан басталады. Бір танымал экономистің «Жағдай жасалған уақытта жұмысшының еңбегі жоғары болады» деген сөзі бар. Сол айтқандай, жұмыс беруші қызметкерге жағдай жасап жатса, жетістіктің кілті сонда болмақ. Ең бастысы – елдің амандығы, халықтың татулығы. Байтақ жеріміздің пайдалы қазбаларға бай екені белгілі. Соны халықтың игілігіне пайдалану үшін сапалы білім мен үлкен еңбек қажет. Бұл ретте басшылардың да жауапкершілігі маңызды екені рас. Азаматтардың еңбекке құлшынысын оятатын кәсіподақтар беделі арта берсін», – деді Хатеп Ишанбекұлы.

Әрі қарай әңгімені жалғап әкеткен білім саласының ардагері Асқар Акишев жастардың тәрбиесіне көңіл бөліп, дұрыс бағыт сілтеу қажеттігін айтты. Ол үшін үлкендер мен жас буынның байланысын нығайта түсудің, яғни ұрпақтар сабақтастығының маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Жиналған қонақтар облыстық филармония әншісі Қанатқали Қожақовқа қолқа салып, ән сұрады.

Жиын барысында кәсіподақтың жас мүшелері сала ардагерлеріне  сұрақтарын қойып, сұхбат құрды. Солардың арасында Бәйтерек аудандық №2 ауруханасының бастауыш кәсіподақ төрайымы Сымбат Шулгауова үлкендердің әр сөзі өнеге екенін және оларға қашанда құрмет көрсетуге талпынып тұратынын айтты. Бөкейордалық Тілеген Арыстанбеков жиналған әріптестеріне алғыс-тілегін ақтарды.

– Әр жас өз саласының үздігі болуы керек. Десе де, бұл өзіңді шеңбер ішінде ұстау деген сөз емес. Мейлінше басқа салалардан да хабарың болғаны абзал. Бүгінде еңбек етуге келгенде тартыншақтап, құтылып-сытылып жүрген жастардың да бар екені анық. Оларды еңбекке баулу керек. Адамдармен қарым-қатынас орнаттырып, ұжымға тартып, белсенділіктерін арттырған жөн. Өйткені қолы бос, мақсаты жоқ жас теріс ағымға ілесіп кетуі мүмкін. Ондайлар оңай олжаға бас салуға әуес боп тұрады және солай қоғамды құртады. Сонымен қатар әдебиетке көңіл бөлген дұрыс. Әдебиет – тұтас өмір көрінісі. Содан сабақ алу қажет. Біз қарттарын қадірлемейтін, жастарын жақтырмайтын қоғамға айналмауымыз керек, – деп түйіндеді Тілеген Керейұлы.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар уақыт бөліп келген азаматтарға ризашылығын білдіріп, сыйлықтарын үлестірді.

 

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале