Оралда қырағы тұрғындардың бірі дропперді ұстауға көмектесті, деп хабарлайды Polisia.kz. 11 қазан күні Абай полиция бөлімінің кезекші бөліміне Орал қаласының тұрғыны хабарласып, тапсырыс бойынша егде жастағы әйелдің сәлемдемесін жеткізгені күдік тудырғаны туралы хабар берді.
Ол айтылған мекенжайға барған кезде алдынан жасы үлкен әйел шығып, сөмкені ұстатады. Содан бұл жерде бір шикіліктің барын сезіп, жедел түрде құқық қорғау органдарына хабарлауды жөн көреді. Полицияның жедел уәкілдері тез арада аталған жеткізушімен байланысып, алаяқтың ізіне түседі. Анықталғандай, Орал қаласының 84 жастағы тұрғынына белгісіз біреулер хабарласып, өздерін құқық қорғау қызметкері ретінде таныстырып, оған қызының жол-көлік апатына түскенін және оны реттеу үшін қомақты ақша қажеттілігін айтып, келген курьер арқылы беріп жіберуін талап етеді. Қоңырау шалушылардың сөзіне сенген зейнеткер алаяқтарға 1000 АҚШ долларын және 300 мың теңге ақшасын беріп жіберген.
Ал дроппер өз кезегінде алаяқ бола тұра, ізін жою үшін арнайы қосымшалар арқылы жеткізушінің көмегіне жүгінеді. Жедел-тергеу іс-әрекеттері нәтижесінде Орал қаласы ПБ Абай ПБ қызметкерлері 22 жастағы Орал қаласының тұрғынын анықтап, ұстады.
Алайда ол ақшаны алаяқтарға беріп үлгермеді. Ұсталған азамат Орал қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. ҚР ҚҚ-нің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.