Үстіміздегі жылдың маусым айынан қыркүйек айына дейін Казталов ауданы орталығында "Ауылым – алтын тұғырым" атты көше мейрамдары ұйымдастырылған болатын. Бұл шаралардың мақсаты көше тұрғындарының ынтымағын артып, ауыл көшелерінің тазалығы мен абаттандыруына көңіл бөлу болса, аталмыш мерекелердің өтуіне мұрындық болған Казталов ауылдық округі әкімі аппараты бұл мақсатқа толықтай жетті.
Нәтижесінде аудан орталығындағы көшелердің бойы тазарып, тұрғын үйлердің сыртқы келбеті ажарланды. Сондай-ақ бір-біріне деген сыйластықтары артқан тату көршілер бірлесе қимылдап, өз күштерімен біраз игі істер жасады.
Көше мейрамдарын қорытындылау шарасы аудан орталығындағы "Достық" саябағында өтті. Салтанатты шарада сөз алған округ әкімі Ернар Ғалымов казталовтық ағайындардың ынытымағына ризашылығын білдіріп, көше мейрамдарының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Шарада көше тойларына белсене қатысқан Ш.Шарафутдинов, С.Даниялов, Абай, Ғ.Қараш, М.Ихсанов, Б.Момышұлы, А.Иманов, М.Жұмабаев, М.Мәметова, М.Бабажанов, Қ.Сәтбаев, Б.Майлин, Ж.Жабаев, М.Төлебаев, Ы.Сауанов, С.Датұлы, Наурыз, Желтоқсан, М.Әуезов, М.Жүнісов көшелерінің тұрғындары марапатталды. Алғысхаттарды Казталов ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Уәлиолла Әбішев табыстады. Сонымен бірге шарада аудандық мәслихат депутаты Сәкен Ищанов "Үздік көше төрағалары" аталымын ауылдастарымыз Нұрлан Құсайыновқа, Марс Малаховқа, Жаңылсын Имашеваға, Дархан Сәрсенбаевқа, Орынбек Бахтияровқа берді.
Қорытындылау шарасы С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары дайындаған тамаша концертімен әрленді. Концертте жерлесіміз, ақын-жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиевтің сөзіне жазылған "Казталов маршы" алғаш рет орындалды. Әнін белгілі композитор Еркін Нұрымбетов жазған.
Шара көрігі Казталов ауылы туралы викториналық сұрақтармен қыздырылды. Сұрақтың жауабын дұрыс тапқандарға сыйлықтар берілді.
Шараға қатысқан ауылдың сыйлы ақсақалдары Марат Тоясов пен Мұқанғали Бектілеуов "Үздік көше" аталымын С.Садықов, Ю.Гагарин, Ә.Молдағұлова, Ғ.Лұқманов, Қ.Имашев, А.Оразбаева, С.Сейфуллин, Қ.Жангереев, Х.Бөкеева, Ш.Мерғалиев, Астана, Ә.Бөкейханов, Мәңгілік ел, Бейбарыс Сұлтан, Х.Доспанова, Құрманғазы, М.Өтемісұлы, И.Тайманов, Т.Масин, Х.Жақып, Чапаев, П.Сейфуллин атындағы көше тұрғындарына табыс етті.
Тазалыққа көңіл бөліп, үйлерінің айналасын жайнатқан тұрғындаға округ әкімі "Үлгілі үй" тақтайшаларын тарту етті.
Атап айтар болсақ, ауыл тұрғындары Болатқали Егзалиев, Ақылбек Қабдығалиев, Әділбек Лұқпанов, Марат Идрисов, Нұржан Ислямов, Ахметқайыр Жұмағазиев, Сансызбай Уаресов, Рауан Серғалиев, Исатай Муфтығалиев, Бауыржан Ахметқалиев, Сергей Тоқпанов, Қанат Үмітқалиев, Бейболат Ахметқалиев тұрып жатқан үйлер көпке үлгі болмақ.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz