16.10.2023, 12:15
Оқылды: 69

Спорт ардагерінің құрметіне дуатлоннан чемпионат өтті

Ақжайық ауданының Ақжол ауылдық округінің орталығы Ілбішін ауылында Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, велосипед және шаңғы спортынан КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген бапкері Асқар Шораевтың құрметіне 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында дуатлоннан аудан чемпионаты өтті.

спорт (1)

Шараның ашылу салтанатында спорт ардагері Асқар Шораев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерболат Бекмолдин, Ақжол ауылдық округінің әкімі Дәурен Нұрғожа және аудан мектептерінен командалар, спортсүйер қауым қатысты.

спорт (3)

– Асқар Ишанұлы, Сіздің ұшан-теңіз еңбегіңіз ұрпаққа зор үлгі. Жас кезіңізден жаныңызға спортты серік етіп, биік белестерді бағындырдыңыз. Осы жолда аянбай тер төгіп, зор нәтижеге қол жеткіздіңіз. Бүгінде сол еңбегіңіздің жемісін көріп, құрметке бөленіп келесіз. Сіздің құрметіңізге жерлестеріңіз ұйымдастырған, жас ұрпақты саламатты өмір салтынан ынталандыратын осы жарыс енді дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Жарысқа қатысушыларға сәттілік, – деді ашылу салтанатында Дәурен Қайырбекұлы.

спорт (4)

Асқар Ишанұлы да сөз алып, осындай спорттық сайыс өткізуге қолдау көрсеткен аудан басшыларына алғысын жеткізіп, балғындарға жеңісті сәттер тіледі. Ауданның он мектебінен қатысқан ұл-қыз сайысқа сақадай сай дайындалып келгені алғашқы минуттерден-ақ көрінді. Тақтайдай тегіс жолмен өтетін жарыс қашықтығының жартысын жүгіріп, әрмен қарай мәреге велосипедпен жалғастырды. Айта кету керек, ұл мен қыздар бөлек-бөлек сайысты.

спорт (7)

Сонымен тартысты өткен бәсекеде С.Ошанов атындағы орта мектеп (Ақсуат) пен М.Өтемісов атындағы орта мектеп (Атамекен) командалары ІІІ орыннан көрінсе, Абай атындағы мектеп-гимназия (Чапаев) ІІ орынға табан тіреді. Ал Тайпақ орта мектебі (Қарауылтөбе) командасы мәре сызығына өзгелерден бұрын жетіп, І орынға ие болды.

Жүлдегер барлық командаға «Сахарный» мұнай қыздыру стансасы ұжымы демеушілі болып, ақшалай сыйлық табыстады.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале