Аудандық мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ел іші – өнер кеніші» атты аудандық ардагерлер фестивалі өтті.
Өнегелі һәм өрелі ой айтатын ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз қоғамның түрлі саласында белсенділік танытып, жастарға мейлінші үлгі болуда.
Өнерді өн бойларына дарытып, киелі сахна төрінде таланттарын паш еткен байқауға ауылдық округтерден келген 15 үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Алғаш сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев фестивальге қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.
Ата-әжелеріміз сахна төрінде музыкалық аспаптардың (домбыра, гитара, баян, фортепиано) сүйемелдеуімен әндер шырқалса, жеке дауыста да орындаушылар болды.
Көрермендеріміз фестивальге қатысушылардың өнерлеріне тәнті болып, құрмет көрсетіп, қол соғып, қолдау көрсетіп отырды.
Қазылар алқасына қатысушылардың өнерлерін бағалап, мықтыларды таңдау оңайға соқпағынын да жасырып қала алмаймыз.
Қатысушылар жақсы дайындықпен келгендерін көрсетіп, өнерден құр алақан еместіктерін көрсетіп бақты.
Жекелей аталымдар бойынша «Көрермен көзайымы» жусандыойлық Нұрлыбек Сәкенов, «Үздік орындаушы» шөптікөлдік Әлия Жұбашова, «Қоңыр дауыс» аққозылық Ғалия Ғазиева, «Әсем әуен» қаратөбелік Бейбіт Сағынғалиев, «Дәстүрлі әнді насихаттаушы» саралжындық Сабырғали Есмырзаға, қалған қатысушылар сыйлықтар берілді.
Қыркүйек айының аяғына таман облыс көлемінде өтетін фестивальға Әлия Жұбашова, Ғалия Ғазиева, Бейбіт Сағынғалиев, Абай Сәлекев қатысып, аудан намысын қорғауға барады.
Қазыналы қарттар аудан өмірі мен өнеріне осылайша сүбелі үлес қосты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің бәріне ұйымдастырушылар бағалы сыйлықтар дайындап, алғыс хаттар табыс етті. Тоты Есқайырова
Қаратөбе ауданы