Ұранды еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнін Шыңғырлау ауданы тартымды етіп тойлауда. Мектептер мен балабақшаларда мерекелік іс-шаралар көптеп өткізіліп, мекемелер, қоғамдық орындар мен кәсіпкерлік нысандарға ел байрағы ілінді.
Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың шешімімен қайта оралған еліміздің төл мерекесіне орай Шыңғырлау аудандық Мәдениет үйінде «Тәуелсіз елім – кең байтақ жерім!» тақырыбында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Еліміздің бұрыны мен бүгіні, мемлекеттілік әлеуеті, өсуі, дамуы жолындағы жасампаз істер, саяси-экономикалық қадамдар туралы айтылып, тұрғындарға аудан әкімі М.Өмірәлиевтің құттықтау тілегі арналды.
Аудан өркендеуінің үздіксіз үлескері боп жүрген әр саланың үздіктері марапатталып, мерекелік тарту, алғысхаттарға ие боп жатты.
Атап айтсақ, ҚР оқу-ағарту министрлігі атынан «Еңбек ардагері» медалімен жергілікті ардагер ұстаздар А.Кабулова, Б.Сүндетбаева және «Алғыс хат» - пен А.Бахтыгереева, Ш.Саркулова, облыс әкімі Н.Төреғалиевтың алғысхатымен Ауған соғысының ардагері М.Даутов, БҚО «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі атынан «Құрметті ардагер» төсбелгісімен ардагер-ұстаз, ауданымыздың құрметті азаматы А.Шотпанов, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Жақановтың атынан «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен аудандық «Серпін» газетінің жауапты хатшысы, әріптесіміз Г.Ботанова марапатталды. Ғұмырлық еңбек жолы осы редакцияда өтіп келе жатырған әріптесіміздің бұл жетістігі көп жылғы тынымсыз еңбегінің жемісі деп бағалаймыз. Осындай алғысхаттармен Шыңғырлау колледжі басшысы С.Жұмағұлов, білім саласының ардагері Р.Тұрмағамбетов, денсаулық саласының ардагері Р.Тимисова да марапатталды. Облыстық денешынықтыру және спорт Басқармасының атынан сала қызметкерлері Ш.Шерниязова мен М.Сартовқа да алғысхаттар табыс етілді. Ауданымыздың түрлі салада қызмет атқарып жүрген бірқатар жерлестеріміз аудан әкімі М.Өмірәлиевтің алғысхаттарымен марапатталды.
Шара соңы мерекелік концертке ұласып, Отан, ел, еркіндік пен елдікті ұран еткен әндер шырқалды.
Қаршыға Елемесов,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz