Бөкей ордасы аудандық мәдени-демалыс орталығында Республика күніне орай салтанатты жиын өтті.
ҚР Мемлекеттік Гимнінен бастау алған салтанатты жиында сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Біржан Меңешов жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтап, еліміздің болашағы жарқын, әр күні бейбіт болсын деген ізгі лебізін білдірді.
Салтанатты кеште ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан ардагер аға буын өкілдері мен бүгінде еңбегімен көзге түскен азаматтарға Біржан Нұрланұлы мерекелік медаль табыстады. Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың «Еңбек ардагері» медалімен ардагер ұстаз Найлягүл Нарбулова, "Құрмет" грамотасымен Гүлвира Зұлқарнаева, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы Айгүл Мұқашеваның атынан Сәрсембай Қуаншалиев "Кәсіподақ ардагері", «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» Жаңыл Айтқалиева, «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» Айбарша Бейсоваға төсбелгілер берілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың" Белсенді қызметі үшін" төс белгісін Екатерина Мөкешева тақса, Қуаныш Елемесов "Құрмет" грамотасын иеленді. Ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар да аудан әкімі атынан алғысхат алды.
Мерекелік кеш "Мәңгілік жаса, менің Қазақстаным!" атты концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна жұлдыздары аудан тұрғындарына әсем ән мен биден шашу шашып, мерекені думанға бөледі.
Ақсәуле Хамзина,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz