Республика күніне және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің құрылғанына 25 жыл толуына орай білім ордасында "Республика күні - елдіктің тарихи бастауы" тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Егемендік алғаннан кейін өңірдегі ашылған жоғары оқу орындарының бірі – БҚИТУ. Білім ордасына биыл – 25 жыл. Осы уақыт арасында оқу орны егемен елімізбен бірге қарыштап дамып, білім-ғылым саласында және кадрлар дайындауда елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Келелі кеңеске қатысқан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева 25 қазан Республика күнінің егемен еліміз үшін ерекше маңызға ие мемлекеттік мереке екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында университеттің белді ғалымдары баяндамалар оқып, жарыссөзге қатысты. Жастарға егемен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сондай-ақ мерекеге орай оқу орнының бір топ профессор-оқытушысы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан төсбелгілермен, Құрмет грамоталар және алғысхаттармен марапатталды.
Жайнар Жұмабек