Қазақстанда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылады, деп хабарлады ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Сурет: 7kun.kz
Министрлік тиісті қаулының жобасын әзірледі.
Институт Каспий теңізінің экологиялық және су деңгейінің төмендеу мәселелерін, итбалықтармен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау, ихтиофаунаны, акваториясы мен Каспий жағалауын зерттейді.
Сондай-ақ Каспий бойынша шекаралас мемлекеттердегі әріптестермен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізеді.
Институт Каспий теңізі экожүйесінің барлық бағыттары бойынша объективті және тәуелсіз ақпарат жинақтайды.
Бұл деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді іс-шаралар қабылдауы үшін негіз болады. Сонымен қатар, ғылыми ұйым құру Каспийді сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы кешенді іс-шаралар қабылдау үшін Маңғыстау облысында Каспийді зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құруды тапсырды. Институт құру – мәселені жан-жақты зерделеуге, ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
zhaikpress.kz