БҚО-ның Казталов ауданында балық аулауға шыққан жігіт жоғалып кетті. Бұл туралы БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«20 қазан күні Казталов ауданына қарасты Қарасу ауылы маңында көршілес Жаңақала ауданының тұрғыны 1988 жылы туған Санжар Мұқашев есімді азамат Үлкенөзен өзеннің бойына балық аулауға барып, белгісіз жағдайда жоғалып кетті. Он күннен аса уақыт өтсе де әлі табылмады. Ер адамның бойы шамамен 168-172 сантиметр шамасында. Балыққа шығарда үстінде қою көк түсті комбинезон, аяғында қара түсті жылы резеңке етік болған. Көрген-білгендеріңіз болса 101, 102 телефондарына хабарласуыңызды сұраймыз», - делінген департамент хабарламасында.
Аталған азаматты іздестіруге барлығы 25 адам, оның ішінде облыстық департаменттің жеке құрамынан алты адам, бір сүңгуір қайығы жұмылдырылған.
БҚО Төтенше жағдайлар департаменті өзен-көлдерде балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, мұқият болуды ескертеді.
zhaikpress.kz