Бүгінгі таңда әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Олар еңбектеген сәбиден бастап еңкейген кәріге дейін қамқорлық танытып, еңбектерін адал атқарып келеді. Қазіргі уақытта Жаңақала ауданы бойынша 177 әлеуметтік қызмет алушыға 38 әлеуметтік қызметкер қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Әлеуметтік қорғау – әл-ауқаттың негізі. Дәл осындай тақырыппен бүгін ауданымыздағы Тәуелсіздік саябағында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай мерекелік шара мен аталмыш сала қызметкерлеріне арналған аллеяның ашылу салтанаты өтті.
Шара басында сөз тізгінін алған аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев мерекелік құттықтауын жолдап, әлеуметтік саланың әлеуетін көтеріп жүрген бірқатар қызметкерлерді, атап айтсақ, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының алғысхатымен әлеуметтік қызметкер Нұрсәуле Болатқызын, мекеменің бас маманы Дәурен Қуатұлын, бөлімше меңгерушісі Айнұр Алпамысқызын, маман Әсем Ерболатқызын, БҚО мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының Құрмет грамотасымен бөлімше меңгерушісі Қорлан Орынтайқызын, мансап орталығының маманы Асылжан Болатқызын, сондай-ақ аудан әкімінің алғысхатымен әлеуметтік қызметкерлер Меңзила Биболатқызын, Мәншүк Қуанышкерейқызын, Анаргүл Мұратқызын, автокөлік жүргізушісі Еркебұлан Мақсотұлы мен мекеменің кіші қызметкері Ақжонас Болатқызын марапаттады.
Салтанатты шарада сонымен қатар аудандық мәдени-демалыс-орталығының әншілері ән салып, мереке иелеріне керемет көңіл-күй сыйлады.
Әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған аллеяның лента қию рәсімі ауданымыздың ардагерлері Кеңес Мүбәраков пен Қайырғали Жайымовқа бұйырып, шараға жиналған аудан жұрты аллея ішін аралап, естелік суретке түсті.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz