Жайық өңіріндегі революциялық қозғалысқа белсене араласқан Мұхамед-Хафи Мырзағалиев 1887 жылы Орал облысы Орал уезі Қараоба болысының Дуанакөл ауылында туған.
Алғашында болыстық орыс-қазақ мектебінде оқып, кейінен Орал реальдық училищесін бітірген соң Саратов маңындағы Марийнск ауыл шаруашылық мектебіне түсіп агроном мамандығын алып шығады.
1917 жылғы Ақпан революциясы кезінде Орал губерниялық комитетінде ұйымдастыру жұмысына араласады. Оралда кеңес комитетін құруда Ғ.Қасаболатов, Ә.Әлібеков. Қ.Тәттібековтер ұйымына қосылады.
1918 жылғы көктемде ақ казактардың Оралды қоршауы кезінде Қызыл армияның 22 дивизиясының 66 жеке қазақ әскер экодроны қатарында қала қорғанысын қорғағандардың бірі.
1919-1920 жылдары Жайық өңірінде кеңестік биліктің құрылуына атсалысып Жайықтың қазақ бөлігі мен Бөкей ордасын басқару үшін құрылған Қазақ әскер революциялық комитеті Орал бөлімшесінің басқару органы төрағасының орынбасары болады.
Ол 1925 жылдың маусым айында Мәскеуде өткен Қазақстан аумағын межелу жөніндегі комиссия отырысында Торғай облысын революцияға дейінгі шекарасымен қалпына келтіру, Қостанай және Ақтөбе губернияларын ҚАКСР құрамында тұтас қалдыру, сондай-ақ Орынбор губерниясының қазақтар тұратын бөлігін ҚАКСР аумағына қосу туралы ұсынысын қабылдатады.
Оған 1937 жылдары РКФСР жер шаруашылығы халық комиссариятында жауапты қызметте жүрген кезде «ұлтшыл», «алашордашыл» деген айып тағылып 1938 жылы тұтқындалып ату жазасына кесіледі.
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz