12.08.2016, 17:08
Оқылды: 53

Этножурналистер клубының тұңғыш семинары өтті

этножурналистика Достық үйінде «Мәңгілік ел» патриоттық актісін жарыққа шығарудағы» және «Ұлт жоспары-100 нақты қадамның» «Біртектілік пен біртұтастық» 4 бағытын іске асырудағы БАҚ-тың рөлі тақырыбында облыстық ҚХА-ның этносаралық қарым-қатынастар мәселесі жөніндегі журналистер клубының семинар-кеңесі өтті.


Шара өңірімізге арнайы іссапармен келген филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ҚР қоғам қайраткері, ілеспе аудармашы, Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметінің жетекші сарапшысы Камал Әлпейісованың қатысуымен өтті. Жиын журналистер қауымдастығына, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің жұмысына аталмыш тақырып аясында көмек көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеуді мақсат тұтты.
- Облыстық ҚХА және «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып отырған этножурналистерге арналған бүгінгі семинар-кеңеске Астанадағы республикалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінен арнайы келдім. Белгілі бір іс-шараны өткізерде сол саладағы мамандардың қызметі қандай деңгейде екені ескеріледі. Осы тұрғыдан алғанда Батыс Қазақстан облысының Ассамблеясы өзін жақсы қырынан көрсете білді. Бұл орайда өткен жылы «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» атты үлкен форум ұйымдастырылғаны белгілі. Биыл да Орал қаласында халықаралық деңгейде жастар форумы өтпекші. Бүгінгідей этножурналистер клубының жиыны да еліміздің облыстары ішінен бірінші болып өтіп отыр. Жалпы алып қарасақ біздің бүгінгі таңда қабылдап отырған актілеріміздің бәрі ұлттық дәстүрімізден алынған. Мысалы «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының өзі ата-бабаларымыздан бері келе жатқан ұлы арман. Қорқыт ата қара басының өлімінен қашпаған, халқының мәңгі болуын ойлаған. Аңыздың негізінде осындай философиялық түйін жатыр. Асан қайғы бабамыз жерұйықты өзі тұру үшін емес, халқының болашағы үшін іздеді. Бүгінгі журналистер жазған дүниенің ар жағында қазіргі Қазақстан осындай бабалар арманы болған мекенге, Қорқыт ата іздеген мәңгілік елге айналуы тиіс деген ұғым жатқаны орынды болады. Алдыңғы буын журналист ретінде кейінгі буын әріптестеріме мақала жазған кезде өзіміздің ұлттық тарихымызбен ұштастыра отырып жазса, оның жастарға танымдық пайдасы мол болар еді деп айтқым келеді. Қай елде болмасын ең бірінші орында ұлттық мүдде тұруы керек қой. Біздің мемлекетіміздің негізін құраушы қазақ ұлты. Осыны ұмытпауымыз керек, - деді Камал Әбілқасымқызы.этножурналистика1
- Бүгінгі таңда түрлі ұлт өкілдерін ұйыстырып, татулық пен бірлікке шақыру бағытында барымызша жұмыстанып жатырмыз. Алайда өз басым ақпарат құралының жетекшісі ретінде әлі де тыңғылықты, тиянақты түрде жариялануы керек бірнеше мәселенің бар екенін айтқым келеді. Бізді алдымен біріктіретін өткен тарихымыз. Осы тұрғыдан алғанда түрлі этнос өкілдерінің әрқилы алмағайып кезеңдерде біздің елімізге келіп паналауы туралы терең сараптамалық материалдар жазылуы керек. Бұл орайда тек қана ақпарат құралдарының емес, өзге ұлт өкілдерінің де белсенділігі аса қажет. Сонымен қатар бізді бүгінгі таңда және болашақта біріктіретін үлкен күштердің бірі қарым-қатынас жасайтын тіліміз. Біз бұл аса маңызды тақырыптан ешуақытта ауытқып немесе аттап өте алмаймыз. Мысалы осы дөңгелек үстелде қай тілде ұғысып, басымыз біріксе сол тіл негізгі болады және ол алдағы уақытта үлгі ретінде көрінеді. Сондықтан осы жерде көрсете алмаған оң үлгіні басқа жерде талап етсек, «күлкілі» болар еді. Қорыта айтқанда мұндай жиындарда басымызды біріктіретін мемлекеттік тіл болуы шарт. Осы бағытта «Приуралье» газетінде «Наш язык» атты айдар ашылды. Онда қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері кеңірек насихатталады. Шын мәнінде өзге ұлт өкілдерінің ішінде дарындылары, қазақтың тілін, елімізді құрметтейтіндері бар. Солар арқылы жалпы ұлтаралық құрметті қалыптастыра аламыз деп есептеймін, -деді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.
Семинар-кеңесте облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, сондай-ақ дөңгелек үстел басына жиналған этномәдени бірлестіктердің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тақырыпқа қатысты өзекті ой-пікірлерін ортаға салды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале