9.11.2023, 15:45
Оқылды: 52

«Мемқызметші жұмыс уақытын тиімді пайдалануы тиіс!»

Биыл шілде айынан бастап мемлекеттік құрылымдардың және ондағы қызметкерлердің жұмыс уақыты режімін сақтауына байланысты мониторинг жүргізілуде. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов айтты.

Байсалов РСК (1)

Департамент басшысы Мұрат Сейілбекұлы мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын қамтамасыз ету туралы баяндамасында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтамауына байланысты бірнеше деректі тізіп айтты. Мәселен, биылғы 9 айда Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне қатысты 30 мәселе қаралған.

– Департамент жүргізген бақылау жұмысының нәтижесінде мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзу бойынша 1690 дерек анықталды. Аталған деректер Ақжайық, Бәйтерек, Жәнібек, Тасқала, Теректі аудандары және Орал қаласы әкімдіктерінде, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметінде орын алған. Сондай-ақ Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануы тиіс. Бұл ретте мем­лекеттік құрылымдардың ақпараттық жүйелеріне, бұ­қаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу, азамат­тардың арыз-шағымдарын қарау нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің әдеп талаптарын сақтамауы, жұмыс уақытын тиімді пайдаланбауы деректері айқын болды.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес көлік құралын масаң күйде басқаруға мүлдем жол берілмейтіндігі жазылған. Алайда Казталов және Бәйтерек аудандары әкімдіктері, мемлекеттік кірістер, қазынашылық департаменттерінің мемлекеттік қызметшілері автокөлікті масаң күйде басқарған. Сонымен қатар облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау, агро­өнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекцияларының қызметшілері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал Теректі ауданы әкімі аппаратының қызметшісі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір айтып өтетін жайт, өзі мемлекеттік қызметші бола тұра, кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін Казталов ауданы әкімдігінің дербес бөлім басшысы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 154-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, шектеулерді сақтамағаны үшін мемлекеттік қызметтен шығарылды, – деген Мұрат Сейілбекұлы мемлекеттік құрылымдардың және ондағы қызметкерлердің жұмыс уақыты режімін сақтауына байланысты қаладағы 8 мемлекеттік құрылымға мониторинг жүргізілгенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын қамтамасыз ету бойынша жұмыс күшейтілген.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале