Бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде қызылша ауруы белең ала бастады. Инфекциялық ауруды жұқтырғандар қазір Казталов ауданының білім беру ұйымдары мен балабақшаларында да көбеюде. Жұқпалы дерттің таралуын алдын алу мақсатында бүгін аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитованың төрағалығымен штаб отырысы өтті.
Шара барысында қызылша ауруының алдын алу жұмысының барысы, вакцинациялау көрсеткіштері, екпеден бас тартушылармен тиімді жұмыс жасау әдістері, ауруды диагностикалау мен емдеу алгоритмдері, дәрі-дәрмектер, науқаспен қарым-қатынаста болғандардың алгоритмдері пысықталып, проблемалық мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар қаралды.
Штаб отырысында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Талғат Хайдаров қатысып, ауданда қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал мен қызылша ауруына жаппай иммундау жұмысы мен алдын алу шаралары туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар қызылша ауруының туындауы мен таралуының алдын алу мақсатында тиісті мекеме басшыларына ұсыныстар білдірді.
Отырыс барысында Казталов аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Ернар Камалов: қазіргі уақытта мемлекеттік санитарлық дәрігердің бірінші қарашадағы «Қызылша, қызамық, паритит ауруларына қарсы барлық тиісті контингенттерді иммунизациялау» атты №7 қаулысына сәйкес алтыншы қарашадан бастап жұмыс жүргізіле бастағанын айтты.
- Жоспар бойынша 870 бала, 6 айдан – 10 ай 29 күн болған – 162 бала, 2 жастағы – 261 бала, 3 жастағы– 219 бала, 4 жастағы – 228 бала екпе алады.
Қазір ауханаға облыстан 150 доза вакцина келіп тұр. Бұл 6 айдан 10 ай 29 күндік балаларға иммундау жұмысын жүргізуге арналған доза. Қалған жастағы балаларға вакциналар қосымша алынатын болады, - деді Ернар Камалов.
Штаб отырысында бірнші этапта басталатын 6 ай мен 11 айға дейінгі сәбилерді қосымша иммундауға дайындық шаралары, екпе кабинеттері мен егу бригадаларының жұмысы, қосымша төсек орындарын жабдықтау сұрақтары, ауруханаларға карантиндер, шектеулер қою қажеттіліктері, екпеге қарсы ата-аналармен түсіндірме жұмысын жүргізу бойынша өзекті сұрақтар пысықталды.
Жиын соңында аудан аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова эпидемиямен күрес шараларын тиістілігін талаптарға сай атқарып, профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz