Тарихы тасқа қашалып, шежіресі құмға сіңген Казталов ауданында орта ғасырлардан жеткен тарихи-мәдени мұралар баршылық. Өткенге шегініс жасап, тарихты түгендеу келешегі кемел ұрпақтың міндеті. Осы ретте осыдан бес ай бұрын Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының азаматтары бұл міндетті қолға алып, зерттеу жұмысын қолға алды. Аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың бастамасымен басталған аудандық тарихи-танымдық экспедиция үш кезең бойынша зерттеу жүргізген болатын. 16 ауылдық округті қамтыған экспедиция барысында 200-ден аса құлпытас, ерте темір дәуіріне жататын 100-ге жуық оба, ортағасырлық қалалардың орындары анықталып, құнды жәдігерлер және кеңестік дәуірдегі ескерткіштер де табылды. Сонымен қатар бірқатар ортағасырлық тұрақ анықталып, жәдігерлер жинақталды.
Осыған орай аудандық мәдениет үйінде «Топырағында тарих тұнған туған жер» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті. «Менің кіші Отаным» тарихи-танымдық экспедиция жұмысы туралы бейнефильм көрсетілді.
Жиында «Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Жалпақтал филиалының директоры, модератор Миржан Маратұлы конференцияның өту барысына тоқталып кетті.
Конференцияда Казталов ауданының әкімі Асыланбек Сарқұлов төл тарихты түгендеуге атсалысқандарға алғысхаттар табыс етті.
Конференцияда «Egemen Qazaqstan» газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі, өңірімізге танымал журналист, «DANA.kaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы «Қос өзен елінен шыққан қос редактор» туралы, Батыс Қазақстан облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгі иегері Ахмедияр Қуанұлы «Казталов және бұрынғы Фурманов аудандарының Ұлы Отан соғысына тартылуы» тақырыбында, М.Өтемісов атындағы БҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Сабырғалиқызы «Батыс Қазақстан облысындағы саяси лагерлер» жөнінде, PhD докторы, БҚИТУ-дың қауымдастырылған профессоры Мұрат Дабылұлы «Казталов ауданының тарихи-мәдени ескерткіштері» туралы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров «Таловка азаттық үшін күрес жылдарында (1917-1927 жылдары) Боқай Сәбитов, Ерғали Аязбаев, Нұғыман Досқалиев» туралы, тарих ғылымдарының магистрі, Ресей өлкетанушылар одағының мүшесі, «ҚР туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Айболат Шамұратұлы «Депортация және босқындар Қосөзен елінде» тақырыбында баяндамалар жасады.
Біз тарыдай шашылған төл тарихымызды тарам-тарам таспадан тартқандай етіп тереңнен іздеуіміз қажет. Өткенді қозғап, бабалар рухын тірілтуімізбен қатар, көне тарихымызды мақтан тұтуымыз қажет. Зерттеулер мен зерделеулер негізінде табылған көне қазынамызды көзіміздің қарашығындай сақтап, ертеңгі ұрпаққа қаз-қалпында жеткізсек, бұл біздің жүріп өткен жолымыз, тағылымы терең, тұңғиық тарихымыз болмақ.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz